2023 жылы «Еуразиядағы ғұндар» халықаралық ғылыми-конференциясын ұйымдастыру ұсынылды

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Еуразия тарихы мен мәдениеті аясындағы Арал-Каспий аймағы» тақырыбында халықаралық ғылыми конференция өтті. Оған еліміздің және шет мемлекеттердің археолог зерттеушілері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Конференцияға әлемнің 10 елінен, атап айтқанда Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Франция, АҚШ, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Моңғолиядан жетекші тарихшылар, археологтар, этнологтар, өнертанушылар, мәдениеттанушылар және сарапшылар қатысты. Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов аталған диалог алаңы әртүрлі тарихи кезеңдерде Арал-Каспий өлкесін мекендеген халықтардың тарихы мен мәдениетін зерттеуге жаңа серпін беретініне сенім білдірді.
«Ақтөбе өлкесінің аумағында мемлекет үшін баға жетпес қазына саналатын 1 мыңнан астам тарихи-мәдени мұра нысандары бар екенін археология және этнография зерттеулері көрсетіп отыр. Бұл жерде палеометалл дәуірінде ежелгі металлургия белсенді дамыған. Қола дәуіріндегі металлургтердің қоныстарын тауып, олардың жан-жақты зерттелуі — ерекше жетістік.

Жалпы, археологиядағы соңғы жылдардағы жаңалықтар Батыс Қазақстан халқының қола дәуірінде мал шаруашылығымен ғана емес, металлургияда да өндірістің күрделі және озық технологияларын игергенін дәлелдейді.

Сонымен қатар ғалымдардың соңғы археологиялық зерттеулеріне сүйенсек, Ақтөбе өлкесінде ғұн дәуіріне тиесілі археологиялық орындар табылған. Ол кезеңнен де ғалымдардың нәтижелі еңбектерінің арқасында көптеген археологиялық ескерткіштер табылды. Айта кету керек, бұл жұмыстар өңір аумағында бұрын болған күрделі тарихи процестерді айшықтаудың бастамасы ғана.

Тарихын білмеген елдің болашағы да бұлыңғыр. Археологиялық зерттеулерді одан әрі нығайту және тереңдету қажет деп санаймын. Жаһандану заманында ұлттық кодымызды сақтау, төл тарихымызды зерделеу, сабақ алу, шынайы болмысты тану, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтау – басты міндет болса керек», — деді облыс әкімі.
Конференцияға қатысушылар Арал-Каспий аймағының жалпы тарихи-мәдени маңызын түсіну, этномәдениет және саяси проблемалы мәселелерді талдау, аймақтың жылжымайтын ескерткіштерін зерделеу тақырыптарында баяндамалар жасады.
«Археология жағынан айтар болсақ, Ақтөбе облысы толыққанды зерттелмеді. Мұнда қола дәуіріне тән көне тау-кен, металлургия орталығы бар. Еуразиядағы үлкен орталықтардың екеуі – Қазақстанда. Біреуі Орталық Қазақстан болса, екіншісі – Мұғалжар тауы.

Мұғалжар тауында өткен ғасырдың 50-жылдары Ресей археологтар, өзіміздің мамандар бірлесе зерттеу жасады. Нәтижесінде 7-8 кен орны орналасқан жер табылды. Алдын ала есеп бойынша бұл жерде қола дәуірінде 13,5 мың тонна мыс шығарылған. Қазіргі кезде кешенде геоархеологиялық кешенді зерттеу жұмысы жасалып жатыр.

Ал археолог Дархан Байтілеу Қарғалы ауданында қола дәуірінде металлургтер тұрған Таранғұл қонысын тапты. Бұл бағытта зерттеу жұмысын жалғастыру керек.

Ақтөбе – адам алғаш қоныстанған өлкенің бірі. Өлкенің тас дәуірі ескерткіштері мен палеонтологиясын зерттеу керек. Ал Тілеубұлақ кешенін туристік орынға айналдыру маңызды. 2023 жылы Еуразиядағы ғұндар мәселесіне арналған халықаралық ғылыми-конференция ұйымдастыруды ұсынамыз. Ғылыми жаңалықтарды көрсету, талқылау. Алтын орда дәуірін, Абат Байтақ тарихи аумағын зерттеу қажет»,- деді Ә. Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры Ақан Оңғарұлы.


Соңғы жаңалықтар