2023 жылы елордада мектептегі оқушылар орны 2 есе артады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылы елордада мектептегі оқушылар орны 2 есеге артады. Бұл туралы бүгін қала халқының алдында есеп беріп жатқан Астана әкімі Бақыт Сұлтанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Білімнің басы - бейнет, соңы - зейнет екенін білесіздер. Яғни, әу бастан білім жолы - ауыр жол. Алайда, қазіргі заман талабы - оқу процестерін жеңілдету. Қолжетімді, ыңғайлы ету. Қазір не көп, ақпарат көп. Бірақ осы ақпараттық ағынның арасынан өзіне керегін ажырата білу - маңызды қадам. Біз осы бағыт бойынша, яғни, азаматқа керегін тауып беру, ыңғайлы ету, қолжетімді қылу жолында тынбай еңбек етудеміз. Халық саны өскен сайын қосымша мектептер құрылысын салуға, балабақшада орын тапшылығын жоюға басымдық беріледі», - деді қала басшысы.

Оның айтуынша, мектеп және мектепке дейінгі білім беруде екі мәселе бар. Атап айтқанда, балаларды балабақшамен 100 пайыз қамту және оқу орындарын толықтай жеткілікті ету әкімдік алдындағы үлкен міндет болып отыр. Бұл проблеманың туындауын халықтың табиғи өсімімен қатар ішкі көші-қонның жоғары болуы әсер етуде.

«Бұл проблемаларды қалай шешеміз? Балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс орналастырамыз. Қазіргі уақытта ол 40 пайызды құрайды. Сонымен қатар 4 жаңа балабақша саламыз. Оның бірі көру қабілеті бұзылған балаларға арналады. Мектептер бойынша 2023 жылға дейін 161 мың оқушы орнына жаңадан тағы 120 мың оқушы орны қосылады. Екі есе артатын болады», - деді ол.

Б.Сұлтанов дерегінше, өткен жылы 4 жаңа мектеп ашылса, қаңтар айында №20 мектеп өз жұмысын бастады. Ал жазда Жұмабаев даңғылы бойындағы жаңа мектеп пайдалануға беріледі.

Соңғы жаңалықтар