2023 жылы елорда тұрғындары 1,5 миллионға жетеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2023 жылы елорда тұрғындары 1,5 миллионға жетеді. Бұл туралы бүгін Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана қаласын дамытудың 2019-2023 жылдарға арналған кешенді жоспары қаланың одан ары қарқынды дамуының инфрақұрылымдық негізі болып табылады. Жоспарда көлік және өндірістік инфрақұрылым, қаланы газбен, жылумен және электр энергиясымен қамтамасыз ету сияқты қала тіршілігіне қажетті жобалар қарастырылған. Жоспарға сәйкес 2023 жылға қарай қала тұрғындарының саны 1,5 млн адам болады деп есептелінген»,- деді ол.

Осыған байланысты оның айтуынша, тұрғын үймен қамтамасыз ету және құрылыс, инженерлік инфрақұрылымды салу, орта білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу үлкен мәселе болып отыр.

«Осы жоспарда аталған мәселелер бойынша нақты шаралар қарастырылған. Жоспар бойынша алдағы 5 жылда 10 млн шаршы метр тұрғын үй салынады. 546 мың адам баспанамен қамтамасыз етіледі. 37 мектеп, 13 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіледі. Кешенді жоспарда мемлекеттік жекешелік-әріптестік қолдану арқылы жобаларды ісе асыру қарастырылған. Жалпы қаланың дамуына 6 трлн теңге жекеменшік инвестиция тартылады», - деді Асқар Мамин.

Айта кетейік, Үкіметтің селекторлық режімдегі отырысында Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов елорданың 2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспары жобасын таныстырған болатын.

Соңғы жаңалықтар