2023 жылы ел экономикасы 4 пайызға өседі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин еліміздің 2023-2027 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Болжам 2021 жылы экономиканың өсуі бойынша қорытынды деректер, халықаралық қаржы ұйымдарының әлемдік экономиканың өсуі мен экспорттық тауарлар бағасы бойынша күтулері ескеріле отырып қалыптастырылды. Осылайша, халықаралық қаржы ұйымдарының консенсус-болжамына сәйкес, 2022 жылы мұнайдың әлемдік бағасы барреліне 104,2 АҚШ доллары деңгейінде күтілуде. 2023 жылы әлемдік экономиканың өсуі 3 пайызды құрайды», - деді вице-министр.

Оның атап өтуінше, сыртқы және ішкі параметрлердің өзгеруіне байланысты Қазақстан экономикасын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған базалық, оптимистік және пессимистік сценарийлері әзірленді. Базалық сценарий кезінде мұнайдың орташа бағасын барреліне 85 доллар деңгейінде пайдалану ұсынылады. Осы сценарий бойынша жалпы ішкі өнімнің орташа жылдық нақты өсуі 3,9 пайызды құрайды. Инфляция 2023 жылы 7,5-9,5 пайыз деңгейінде, кейіннен 2025-2027 жылдары 3-4 пайызға дейін төмендеумен 2024 жылы 4-5 пайыз деңгейінде белгіленді.

«Осы сценарийге сәйкес ЖІӨ-нің нақты өсуі 2023 жылғы 4 пайыздан 2027 жылы 4,2 пайызға дейін жеделдейді. Атаулы ЖІӨ 120,7 трлн теңгеден 176 трлн теңгеге дейін өседі. Экономиканың барлық базалық салаларында оң өсу күтілуде. Мәселен, өнеркәсіпте орташа жылдық өсу қарқыны 3,1 пайызды, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінде – 3,5, тау-кен өндіру өнеркәсібінде 2,9 пайызды құрайды. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі көлемінің орташа жылдық өсуі 3,9 пайыз болады. Құрылыс саласының болжамды өсуі орта есеппен – 3,8, сауда 5,7 пайызды құрайды», - деді Азамат Әмрин.

Вице-министрдің айтуынша, мұнай өндіру 2023 жылы 92,6 млн тоннаны құрап, 2027 жылы 99,9 млн тоннаға дейін ұлғаяды.

«Ұлттық банктің болжамы бойынша экспорт 80,9 млрд АҚШ долларынан 84,6 млрд АҚШ долларына дейін, импорт 45,7 млрд АҚШ долларынан 53,5 млрд АҚШ долларына дейін өседі», - деді ол.


Соңғы жаңалықтар