2023 жылы бюджетке 17,8 трлн теңге түседі – министрлік болжамы

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бюджет кодексіне сәйкес, аталған Заң жобасы еліміздің 2027 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленген.

«2023 жылы түсімдер 17,8 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Келер жылы Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт биылғы жылмен салыстырғанда 1,8 есеге азайып, 2,2 трлн теңге мөлшерінде тартылатын болады. Бюджет тапшылығы 2023 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,7%-інен кезең-кезеңмен 2025 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-іне дейін төмендейді деп жоспарланған», - деді Қаржы министрі.

2023 жылы жұмсалатын шығыстар кірістер мен тапшылықты ескере отырып, 2022 жылдың жоспарынан 2,2 трлн теңгеге ұлғаяды және 21 трлн теңгені құрайды деп болжанған.

«Бюджет параметрлері бюджеттік заңнама арқылы орнатылған кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны және бюджет тапшылығы ережелеріне сәйкес келеді. Биыл 2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын жасау жалпы сипаттағы трансферттерді құрумен тұспа-тұс келді. Жергілікті бюджеттер базасына барлық қазіргі нысаналы трансферттер берілді. Атап айтқанда, 2023 жылы – 2,8 трлн теңге, 2024 жылы – 3,2 трлн теңге, 2025 жылы – 3,6 трлн теңге берілді.

Министрдің айтуынша, Заң жобасы Премьер-Министр Кеңсесімен бірлесе отырып, Парламент Мәжілісінің қарауына енгізуге әзірленеді.


Соңғы жаңалықтар