2023 жылы Астанадағы балабақшаларда қандай жұмыстар атқарылады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыев қаладағы балабақшаларды жөндеуге және оларды жабдықтармен қамтамасыз етуге қажет қаражат сомасын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қалада 56 мыңнан астам баланы қамтитын 432 мектепке дейінгі білім беру ұйымы жұмыс істеп жатыр. Оның 99-ы мемлекеттік балабақша санатында. Балабақшаларды қаржыландыру жыл сайын өсіп келеді. Дегенмен, шешілмеген мәселелер бар. Соңғы екі жылда 35 балабақшаға күрделі жөндеу жүргізілді. Оған 2 млрд теңгеден аса қаражат бөлінді. Сонымен қатар, қазіргі кезде 6 балабақшаның техникалық жағдайын жақсарту үшін күрделі жөндеу жұмыстарын атқару керек», - деді Қ. Сенғазыев қалалық мәслихаттағы тұрақты комиссияның отырысында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта бір балабақшада жобалау смета құжаттары сараптамадан өтіп, оған оң нәтиже берілген. Бұл бағытта келер жылы 374 млн теңге керек болады.

«Тағы бір балақшаның жобалау смета құжаттамасы бар. Оларды сараптамаға жібердік. Үш балабақшада техникалық текеру қорытындысы бойынша күрделі жөндеу жүргізу үшін тиісті құжаттарды даярлау қажет», - деді басқарма басшысы.

Сонымен қатар ол 2023 жылы 10 балабақшада жоспарлы жөндеу жұмыстарын жүргізуге 250 млн теңге сұрап отырғанын айтты.

«Балабақшалардағы ойын алаңдарының тозығы жетіп отыр. Соңғы үш жылда балабақшаларға шағын архитектуралық формалар (Малые архитектурные формы) сатып алынбаған. Олардың техникалық жағдайы нашарлап кеткен. Сондықтан 73 балабақшаға жалпы сомасы 1 млрд 825 млн теңгені құрайтын шағын архитектуралық формаларды ауыстыру керек. Мұнымен қоса, балалар ойнайтын жерлерде жарақат алу оқиғалары жиі кездеседі. 67 балабақшада асхана блоктарын ауыстыру қажет. Осы орайда 274 млн теңгеге смета жасап қойдық», - деді Қасымхан Сенғазыев.

Оның сөзіне қарағанда, келер жылы 96 балабақшада ойыншықпен жабдықтауға 184 млн теңге керек болады.


Соңғы жаңалықтар