2023 жылы әлем елдерінде азық-түлік дағдарысы болуы мүмкін – БҰҰ

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2023 жылы әлем елдері азық-түлік дағдарысына тап болуы мүмкін. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігіндегі баспасөз мәслихатында БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мұхаммед мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Украинадағы жағдайға байланысты азық-түлік қауіпсіздігі саласында қауіп-қатер бар. Дегенмен азық-түлік қауіпсіздігі саласындағы мәселелер барша әлемдегі пандемия мен локдаундардан бастау алып отыр. Себебі індет салдарынан әлем елдері арасында өнімді жеткізу тізбегі бұзылған болатын. Ал соғыс жағдайы бұл қиындықтарды ушықтыра түсті», - деді А.Мұхаммед.

Оның айтуынша, БҰҰ Бас хатшысы мен әлем елдерінің көшбасшылары және олардың техникалық командалары алдағы уақытта болуы мүмкін азық-түлік дағдарысын еңсеруге қатысты шешімдерді ұсынып жатыр.

«Қымбаттап бара жатқан азық-түлік бағасын түсіру үшін бидай тасымалы бағытында Қара теңіздегі қарым-қатынасты жандандыру керек. Алайда бұл дағдарыстың мән-жайын дұрыс түсінген жөн. Яғни, соғыс аяқталмаса, проблемалардың салмағы да ауырлай береді. Биыл азық-түлік дағдарысының салдарын аса қатты сезінбесек те, алдағы жылы бұл саладағы проблемалар ауқымды болатынын байқаймыз», - деді БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары.

Айта кетейік, Халықаралық Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының басшысы Цюй Дунъюй Украинадан тасымалданатын жүктің қысқаруы Африка мен Азиядағы азық-түлік тапшылығы қаупін күшейтетінін ескертті.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азияға сапары аясында Қазақстанға келген БҰҰ Бас хатшысының бірінші орынбасары Амина Мұхаммедті қабылдады.

А. Мұхаммед Бірікке Ұлттар Ұйымы Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформаларды қолдайтынын атап өтті.


Соңғы жаңалықтар