2023 жылы адам құқықтарын қорғауға бағытталған іс-шаралар өтеді – Эльвира Әзімова

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылы жыл бойы адам құқықтарын қорғауға байланысты іс-шаралар өткізіледі. Бұл туралы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2023 жылы БҰҰ-ның Адам құқықтарына байланысты декларациясының қабылдануына 75 жыл толады. Сондықтан біз келесі жылы жыл бойы адам құқықтарын қорғауға байланысты іс-шараларды өткіземіз. Қазіргі уақытта қазақстандық қоғамда өкіл, уәкіл, омбудсмен сынды сөздерді өте жиі кездестіреміз. Бұл институт жоғары танымалдылыққа ие. Дегенмен, кейбр ақпараттың жоқтығынан, толық түсінік болмағандықтан оны білмей жататындар бар. Яғни, Қазақстан заңнамасына сай өкілеттігі айқындалған субъектілер бар. Өкінішке орай, көпшілік оны біле бермейді», - деді Эльвира Әзімова елордада өткен Халықаралық адам құқықтары күніне арналған іс-шара барысында.

Осы орайда ол биыл «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңға қол қойылғанын атап өтті.

«18 қарашада күшіне енген осы заңға сәйкес еліміз өңірлерінде Адам құқықтары жөніндегі уәкілдіктің 17 өкілі жұмысына кірісті. Сондықтан өкілдерімізге «Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы» Конституциялық заңға сәйкес жұмысымыз бен міндеттемелерімізді түсіндіргіміз келеді. Сонымен қатар барлық институттардың ынтымақтастығы маңызды. Ғылым және жоғары білім министрлігінде студенттердің құқығын қорғау жөніндегі уәкіл қалыптастырылды. Мемлекеттік органдарда әдеп жөніндегі уәкіл жұмыс істейді»,- деді ол.


Соңғы жаңалықтар