2023 жылдың І тоқсанында елдегі барлық ЖЭО мен электр желілерінің аудиті аяқталады

None
ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат – 2023 жылдың І тоқсанында елдегі барлық ЖЭО мен электр желілерінің аудиті аяқталады. Бұл туралы Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов Қостанай облысына жұмыс сапары барысында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат министрлік сайтына сілтеме жасап.

Облыстағы электр энергиясының негізгі көзі – Рудный ЖЭО-сы, ол 267 МВт-қа тең. Электр энергиясының жетіспейтін көлемі Екібастұз-Павлодар энергокешенінен (Ақсу қ. «ЕЭК» АҚ) және Петропавл қаласынан («Севказэнерго» АҚ) жеткізіледі. Вице-министрдің айтуынша, 2023 жылы Қостанай қаласында «Батыс» кіші станциясын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жобаны іске асыру нәтижесінде 150 мыңнан астам тұрғын сапалы және үздіксіз электрмен қамтылады.

Аталып өткеніндей, министрлік жағдайды тұрақтандыру үшін қажетті шараларды, сондай-ақ елдегі жылумен жабдықтау жағдайын жақсарту үшін жүйелі шараларды қабылдап жатыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2023 жылдың 1 тоқсанында еліміздің барлық ЖЭО және электр желілерінің аудиті аяқталады. ҚР Энергетика министрлігі елдің электр станциялары мен желілеріне техникалық аудит жүргізу бойынша жұмысты Дүниежүзілік Банктің гранттық көмегі шеңберінде бастады. Техникалық аудитті жүргізу қорытындылары бойынша саланың ағымдағы жай-күйіне талдау жүргізіледі, оның негізінде энергия үнемдеуге және энергия тиімділігіне, сондай-ақ қажетті инвестициялар көлеміне бағытталған жаңғырту мен реконструкциялауды жүргізу үшін қажетті техникалық ұсынымдар дайындалады.

Нарық субъектілерін ынталандыру үшін қуаттарды реконструкциялауға және жаңғыртуға инвестициялар бағытталады, «Тарифті инвестицияларға айырбастау» жаңа бағдарламасы әзірленіп жатыр.

2023 жылы «Жылу энергетикасы туралы» заң қабылданады. Заң өңірлерді жылумен жабдықтау проблемаларын шешуге бағытталған, ұзақ мерзімді жоспарларды жүзеге асыруға және орталық және жергілікті атқарушы органдар арасындағы өзара қарым-қатынастарды жүйелеуге мүмкіндік береді.

Энергетикалық қадағалау комитетінің сапалы жөндеу кампанияларын қамтамасыз етуді және инвестициялық бағдарламалардың орындалуын бақылау саласындағы рөлін күшейту жоспарланып отыр.


Соңғы жаңалықтар