2023 жылдың 21 қаңтарына дейін ірі қара, қой және ешкі шығаруға тыйым салынды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2023 жылдың 21 қаңтарына дейін елімізден тірі ірі қара, қой және ешкі шығаруға тыйым салынды. Бұл жайында Мәжіліс депутаттарының сауалына ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің жауабында айтылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 31 іс-шараны көздейтін 2022-2024 жылдарға арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі жоспар қабылданды. Бұл жоспар азық-түлік тауарларының нақты және экономикалық қолжетімділігін, тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жоспар аясында 230 инвестициялық жобаны (2022 жылы - 80 жоба, 2023 жылы – 85 жоба, 2024 жылы – 65 жоба) іске асыру ұсынылды. Олар 2024 жылға қарай негізгі импортқа тәуелді тауарлар (алма, балық, шұжық өнімдері, ірімшік және сүзбе, құс еті) бойынша ел халқын 100 пайыз қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», - деді ол жауабында.

Сонымен қатар, Серік Жұманғариннің атап өтуінше, 2023 жылдың 21 қаңтарына дейін тірі ірі қара, қой және ешкі шығаруға тыйым салынды. 2022 жылдың соңына дейін қамыс шикізатын бажсыз әкелуге квота қолданылады. Сондай-ақ, әкімдіктер мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке 15 пайыз сауда үстемесінің сақталуына мониторинг және бақылау жүргізеді.

«Мораторийдің қолданылу кезеңінде тексерулер жүргізу бойынша тиісті ұсынымдар әзірленді. Мәселен, ӘМАТ-қа сауда үстемесін асырғаны үшін осы жылы 259 әкімшілік хаттама жасалды. Оған халықтың шағымдары негіз болды. Тексерулерге қосымша сауда субъектілерімен түсіндіру жұмыстары жүргізіледі және заңнамалық нормалардың бұзылуына жол бермеу бойынша әзірленген жадынамалар жіберіледі», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар