2023 жылдан бастап ауыл халқына микрокредит беріле бастайды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Келесі жылдан бастап ауыл халқының табысын арттыру мақсатында қазақстандықтарға микрокредит ұсынылады. Бұл туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Жамбыл облысының үлгісінде ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаны кеңінен тарату жоспары бар. Аталған іс-шара 2025 жылға дейінгі агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі ұлттық жобада көрініс тапты. Ұлттық жоба шеңберінде 2023 жылдан бастап ауыл халқына микрокредит беруді беруді жоспарлап отырмыз. Ол үшін 30 млрд теңге сомасында қаржыландыру көлемі көзделген. Жалпы ұлттық жобада ауыл халқының табысын арттыру бойынша пилоттық жобаның ауқымын кеңейтуге 90 млрд теңгені бағыттау көзделген», - деді Ербол Қарашөкеев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министр айтқандай, өңір әкімдіктерінің ақпаратына сәйкес ұлттық жоба бойынша белгіленген қаржыландыру көлемі жеткіліксіз.

«Пилоттық жобаның ауқымын кеңейту үшін 2024 жылы 12 мыңнан астам ауыл тұрғынына 74,6 млрд теңге көлемінде микрокредит, ал 2025 жылы шамамен 76,7 млрд теңгені микрокредит беру жоспарланып отыр. Бүгінде біздің министрлік әкімдіктер мәлімдеген қажеттілікке сәйкес қаржыландырудың толық көлемін бөлуге бюджеттік өтінім дайындады. Республикалық бюджет комиссиясының шешімімен бұл көлем 2023 жылға толық, 2024 және 2025 жылдарға ішінара қолдау тапты», - дейді ол.

Сондай-ақ, ведомство басшысы аталған пилоттық жобаның аясын кеңейту мақсатында 2023-2025 жылдарға арналған жол картасы бекітілгенін айтты.

«Биыл шілдеде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бұйрығымен кәсіпкерлік бастамашылыққа жәрдемдесу жөніндегі шараларды ұйымдастыру және қаржыландыру қағидалары бекітілді», - деді Е. Қарашөкеев.


Соңғы жаңалықтар