2023 жыл басынан әлеуметтік төлемдер, айыппұлдар мөлшері қалай өзгереді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Жуырда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «2023 – 2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заңға қол қойды. Аталған заң жобасы аясында 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күнкөріс шегі, ең төменгі зейнетақы, айыппұл көлемі, жалақы мен жәрдемақы мөлшері, сонымен қоса бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің жаңа мөлшері белгіленді. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Айлық есептік көрсеткіш пен ең төменгі жалақы мөлшері

2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін «2023-2025 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған. Бұл құжатта бала күтімі бойынша жәрдемақы төлеу мерзімін 1,5 жасқа дейін ұлғайту, базалық зейнетақы мөлшерін кезең-кезеңімен көтеру, ынтымақты зейнетақы мөлшерін есептеу кезінде табыстың ең жоғары шектелуін 46-дан 55 АЕК-ге дейін арттыру, сақтандырылған адамдар үшін жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдер мөлшерін орташа айлық табыстың 45%-на дейін өсіру бойынша түзетулер қамтылған. Осылайша, 2023 жылға ең төменгі жалақы мөлшері (ЕТЖ) – 70 мың теңге, айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 450 теңге болып бекітілді.


Зейнетақы мөлшері

Мемлекеттік базалық зейнетақы төлемінің ең төменгі мөлшері 21 907 теңге, ал ең төменгі зейнетақы – 53 076 теңге болып жазылған. Базалық әлеуметтік төлемдердің мөлшерін есептеу үшін ең төменгі күнкөріс көлемі 40 567 теңге мөлшерінде айқындалған. Айта кетейік, ең төменгі күнкөріс деңгейі 2021 жылы – 34 302 теңге болса, 2022 жылы 36 018 теңгені құрады.


Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры зейнетақы қаражатын мерзімінен бұрын пайдаланудың 2023 жылға ең төмен жеткіліктілік шегін белгіледі. Қор мәліметінше, 2023 жылға белгіленген ең төмен жеткіліктілік шегі жас мөлшеріне байланысты 3-тен 10 миллион теңгеге дейінгі сома болады. Бекітілген әдістемеге сәйкес, ең төменгі жеткілікті шек шамалары әр жас мөлшері үшін жеке анықталады және болашақ зейнетақы төлемдері мен зейнетақы жарналарының өсуін (индекстелуін) ескереді. Нақтырақ айтқанда, ең төменгі жеткіліктілік шегі - бұл салымшының зейнетке шыққаннан кейін ең төменгі базалық зейнетақымен қоса ең төменгі зейнетақыдан кем емес жиынтық төлемдер алуы үшін шотында қалуға тиісті ең төменгі сома. Осылайша, 2023 жылы 20 жастағы салымшы зейнетақы шотындағы 3 млн 260 мыңнан, 30 жастағы салымшы 4 млн 580 мыңнан, 40 жастағы салымшы 6 млн 100 мыңнан, 50 жастағы салымшы 7 млн 860 мыңнан, 60-62 жастағы салымшылар 9 млн 890 мыңнан асқан соманы мерзімінен бұрын пайдалана алады.


Бала күтімі бойынша берілетін төлемдер

Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында бала күтімі бойынша берілетін төлем мерзімін бір жарым жылға дейін ұзартуды тапсырған еді. Мұндай төлем бюджеттен ғана емес, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан да төленеді. Оны алу үшін жалақыдан міндетті түрде тұрақты жарна аударылып тұруы қажет. 2023 жылдың қаңтарынан бастап осы төлем бір жарым жылға ұзартылады. 2022 жылы туған бала үшін төлем автоматты түрде жарты жылға созылады. Ал 1 қаңтардан кейін туған балаға бірден бір жарым жылға тағайындалады. Сонымен қоса, төлем алушы жұмысқа бір жарым жылдан ерте шыққан жағдайда әлеуметтік төлемнің мөлшері мемлекеттік жәрдемақы деңгейінде сақталады.


Бала туғанға дейінгі екі жылда әлеуметтік сақтандыру жүйесіне 6 айдан аз уақыт қатысқан ата-ана жұмыс істемейтін адамдармен қатар республикалық бюджеттен төленетін бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы алады. Декретке дейін жұмыс істеген әйелдердің бала күтіміне байланысты алатын ай сайынғы әлеуметтік төлемі бөлек есептеледі. Яғни, кейінгі 2 жыл ішіндегі жалпы табысты 24 айға бөліп, мемлекет бекіткен 0,4 коэффициентке көбейтіп, одан шыққан сомадан 10% зейнетақы жарнасын алып тастау керек.


Бала күтіміне байланысты сәби бір жарым жасқа толғанша ай сайын төленетін жәрдемақы мөлшері бірінші балаға – 5,76 АЕК немесе 19 872 теңгені құраса, екінші балаға – 6,81 АЕК немесе 23 495 теңге, үшінші балаға – 7,85 АЕК немесе 27 083 теңге, төртінші және одан да кейінгі балаға – 8,9 АЕК немесе 30 705 теңгені құрайды.

2023 жылы көпбалалы аналарға яғни төрт және одан да көп баласы бар отбасыға төленетін жәрдемақы мөлшері де артады. Мәселен, 4 балаға – 16,03 АЕК немесе 55 304 теңге, 5 балаға – 20,04 АЕК немесе 69 138 теңге, 6 балаға – 24,05 АЕК немесе 82 973 теңге, 7 балаға – 28,06 АЕК немесе 96 807 теңге, 8 балаға – 32 АЕК немесе 110 400 теңге төленеді. Ал сегіз баладан көп баласы бар отбасыларға одан кейінгі әр бала үшін 4 АЕК-тен (13 800 теңге) қосылады. Яғни, 9 балаға 36 АЕК (124 200 теңге), 16 балаға 64 АЕК (220 800 теңге).


Сонымен қоса «Алтын алқа», «Күміс алқа» алған көпбалалы әйелдерге 2023 жылы ай сайын 6,4 АЕК немесе 22 080 теңге мемлекеттік жәрдемақы төленеді. Ал 2023 жылы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған ата-анаға, қамқоршыға төленетін жәрдемақы мөлшері 56 794 теңге болып бекітілді. Айта кетейік, 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап АЕК-тің екі мөлшері қолданылып жүр. Алғашқысы жәрдемақы мен басқа да әлеуметтік төлемдерді (3 180 теңге) төлеуге пайдаланылса, екіншісі – айыппұлдар мен салық және басқа да төлемдер үшін қолданылады (3 063 теңге).

Айыппұл мөлшеріндегі өзгерістер

2023 жылы автомобиль қозғалысының жылдамдығын 10-20 километрге арттырғаны үшін жүргізушілер 5 АЕК немесе 17 250 теңге айыппұл төлейтін болады. Қазір бұл айыппұл көлемі - 15 315 теңге. Ал сағатына 20-40 километрге арттырса, 10 АЕК немесе 34 500 теңге мөлшерінде айыппұл салынады, биыл - 30 630 теңге. Жылдамдықты сағатына 40 километрден асырғаны үшін 20 АЕК немесе 69 мың теңге айыппұл төлейді. Бұл 2022 жылы 61 260 теңгені құраған болатын. Ал әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде жылдамдықты қайта арттырған жағдайда 30 АЕК немесе 103 500 теңге айыппұлмен жазаланады. Қазір бұл айыппұл көлемі 91 890 теңгені құрап отыр.


Көлік жүргізуге құқығы жоқ азаматтар қанша айыппұл төлейді?

Автокөлікті жүргізуге құқығы жоқ жүргізушіге 20 АЕК немесе 69 мың теңге айыппұл салынады, 2022 жылы ол 61 260 теңге.

Көлікті жүргізу құқығынан айырылып, көлік айдағаны үшін 50 АЕК немесе 172 500 теңге айыппұл салынады не 20 тәулікке қамауға алынады.

Жол белгілерін елемеген жағдайда...

Жол белгілері мен оның талаптарын сақтамағаны үшін 3 АЕК немесе 10 350 теңге айыппұл төлейді. Қазір ол - 9 189 теңге.

Бағдаршамның «қызылына» тоқтамаған немесе жол диспетчерінің тыйым салу қимылына құлақ аспаған жайғдайда 10 АЕК немесе 34 500 теңге айыппұл салынады. 2022 жылы 30 630 теңге болды. Құқық бұзуды қайталаса, айыппұл көлемі 15 АЕК, бұл дегеніңіз 2022 жылғы 45 945 теңгенің орнына 51 750 теңгеге дейін өседі. Жол қозғалысы ережелерін бұзып, жаяу жүргіншілер жолы, жол жиектері немесе тротуармен жүрсе, 15 АЕК немесе 51 750 теңге айыппұл төлейді, қазір ол 45 945 теңгені құрап отыр.

Аялдама/автотұрақ ережесін бұзған жағдайда...

Көлікті тұраққа дұрыс қоймаған жағдайда да салынатын айыппұл мөлшері артты. Мысалы, аялдама немесе автотұрақ қағидаларын бұзғандарға 5 АЕК немесе 17 250 теңге айыппұл салынады. 2022 жылы ол - 15 315 теңге.

Тротуарда, гүлзарларда, балалар және спорт алаңдарына көлігін қойып кетіп, сондай-ақ басқа да автокөліктердің жүруіне кедергі жасаса, 10 АЕК немесе 34 500 теңгеге дейін айыппұл төлейді, қазіргі таңда ол 30 630 теңгені құрайды.

Ақылы тұраққа ақша төлемеген жағдайда 3 АЕК немесе 10 350 теңге айыппұл салынады, 2022 жылы 9 189 теңге болған еді.


Қызметкердің көлікті тоқтату туралы талабын орындамаған жағдайда 40 АЕК немесе 138 мың теңге айыппұл салынады. Айта кетейік, айыппұлдың бұл түрі 11 қыркүйекте әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске түзетулер енгізілген кезде оның мөлшері өскен болатын. Қазіргі кезде 30 АЕК немесе 91 890 теңгені құрайды. Ал бір жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 5 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алынып, машина айдау құқығынан айырылады. Көлік жүргізу құқығынан айырылған азаматтар жолда полицияға тоқтамай өтіп кетсе, 60 АЕК айыппұл салынады, ал бұл 2023 жылы 207 мың теңге болмақ.

Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзып, қауіпсіздік белбеуін тақпаған және рульде отырып, телефонды пайдаланған жағдайда 5 АЕК айыппұл салынады, яғни 2023 жылы 17 250 теңге болмақ. Ал 2022 жылы бұл 15 315 теңге болды.

Жаяу жүргіншілерге қатысты айыппұлдар

Жаяу жүргіншілерге арналған орындардағы жол қозғалысына қатысты ережелер орындалмаса, 6 126 теңгенің орнына 6 900 теңге - 2 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі бірден 10 АЕК-ке дейін артып, 30 630 теңгенің орнына 34 500 теңге төлейтін болады.

Жол ережесіне қатысты басқа да айыппұл көлемі

Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қыркүйек айында полиция қызметкерлері мен тергеушілердің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың заңды өкімдеріне бағынбайтындар немесе олардың жұмысына кедергі келтіретіндер үшін 30 АЕК - 103 500 теңге мөлшерінде айыппұл салуды немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуды көздейтін өзгерістер енгізілді. 2022 жылы бұл айыппұл 91 890 теңгені құраған еді. Бір жыл ішінде тағы да қайталанса, 15-тен 20 күнге дейін қамауға алынады. Қамауға алынбағандар үшін жаза ретінде 50 АЕК - 175 500 теңге (2022 жылы 153 150 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Қоғамдық орында түкіргені үшін, сондай-ақ белгіленбеген жерлерде қоқыс тастағаны үшін 5 АЕК немесе 17 250 теңге айыппұл салынады. Ал қайталанған жағдайда 10 АЕК-ке немесе 34 500 теңге төлейтін болады.


Соңғы жаңалықтар