2022 жылы ЖОО түлектерінің 67% тұрақты жұмыспен қамтылған

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанда ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші – 79%. Бұл туралы Қазақстандағы ЖОО-лардың 2022 жылғы рейтингінде жазылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылы түлектердің 67% тұрақты жұмыспен қамтылған. Түлектердің жұмысқа орналасуының орташа көрсеткіші – 79%, жұмыс іздеудің орташа ұзақтығы – 97 күн, яғни 3 айға дейін. Ал сұранысқа ие білім беру бағдарламалары бойынша – тіпті бір ай ішінде жұмыс табады», - деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге, ЖОО-лар рейтингінде шетелдік жоғары оқу орындарымен әріптестік статистикасы бар. Білім беру бағдарламаларының 3,2% бойынша қос дипломды бағдарламалар, ал 1,6% бойынша шетелдік серіктес жоғары оқу орындарымен бірлескен бағдарламалар ұсынылған.

«Студенттерді сыртқы академиялық ұтқырлық шеңберінде шетелдік ЖОО-ларда оқыту, яғни бір семестр немесе триместр ішінде оқыту мүмкіндіктері кеңейді. Конкурсқа қатысқан түлектердің 44% шетелде оқудан өтті. Ал түлектердің 11% магистратурада оқуын жалғастырған», - дейді спикер.

Білім беруді цифрландыру саласында қашықтан оқытуды қамтамасыз ету бойынша тұтас экожүйе қалыптасқан. Жоғары оқу орындарының 90% электрондық кітапханалармен, 95% - антиплагиатқа қарсы жүйемен, 98% - прокторинг жүйесімен қамтылған.

Айта кетейік, ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі елдегі ЖОО-лардың 2022 жылғы рейтингін жариялады. Бұл рейтингке сәйкес, жұмыс берушілер отандық білімге 67% қанағаттанады.

Рейтинг нәтижелерімен Ғылым министрлігінің және «Атамекен» ҰКП ресми сайтында толығырақ танысуға болады.


Соңғы жаңалықтар