2022 жылы өртке қарсы қызметке 500-ден астам маман қажет болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2022 жылы өртке қарсы қызмет мамандарының саны артады. Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр депутаттық сауалға берген жауабында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының 2020 жылғы 20 қарашадағы күштік органдардың еңбекақысын жүйелеуге қатысты тапсырмасына сәйкес, биылғы 1 қаңтардан бастап ТЖМ қызметкерлері мен әскери қызметшілерінің жалақысы орта есеппен 26%-ға артты. Бұл жұмыс 2023 жылға дейін кезең-кезеңімен жалғасатын болады», - деп жазды Роман Скляр депутаттық сауалға берген жауабында.

Ол сондай-ақ Үкіметтің 2021 жылғы 13 мамырдағы № 315 қаулысымен мемлекеттік өртке қарсы қызмет органдары қызметкерлерінің штат саны лимиті жаңадан құрылатын өртке қарсы инфрақұрылым объектілері үшін 494-ке ұлғайтылғанын хабарлады.

«2022 жылы ТЖМ штаттық санын 547-ге қосымша арттыру жоспарланған. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау қызметін өткеру тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы арқылы азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктері мен жеңілдіктерін жақсартуға бағытталған түзетулер көзделген (тұрып жатқан үйлерін меншікке алу, қызметкерлердің балаларына мектепке дейінгі балалар мекемелерінде орындар ұсыну және т.б. мәселелері)», - деп атап өтті Премьер-Министрдің орынбасары.

«2022 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеп, Парламентке енгізу жоспарлануда. Ол өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін жетілдіруге, азаматтық қорғау қызметкерлерінің, құтқарушылардың мәртебесі мен әлеуметтік қорғалуын жақсартуға, өртке қарсы ерікті құралымдардың инфрақұрылымын дамытуға бағытталған. Жалпы азаматтық қорғау органдарының мәселелері уәкілетті орган мен Үкіметтің тұрақты бақылауында», - деп түйіндеді Р. Скляр.


Соңғы жаңалықтар