2022 жылы Қазақстанның білім беру саласында не өзгереді
2022 жылғы 4 қаңтар 11:32

2022 жылы Қазақстанның білім беру саласында не өзгереді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2021 жылы 13 қазанда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық жобалар тізбесін бекіту туралы Жарлыққа қол қойды. Оның негізінде 10 нақты Ұлттық жоба анықталды. Соның бірі - 2021-2025 жылдарға арналған «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы. Аталған жобаның шеңберінде зияткерлік әлеуетті дамыту, қазақ тілінің дамуына жағдай жасау, жастар үшін жаңа мүмкіндіктерді ашу секілді мәселелер қарастырылған. Ұлттық жобаның мақсат- міндеттері мен 2022 жылы атқарылатын жұмыстар туралы ҚазАқпарат тілшісінің материалын оқи аласыз.

«Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы 5 тапсырмадан, 15 көрсеткіштен және 26 іс-шарадан тұрады. Жоба Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі ұлттық даму жоспары және мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігіқалал және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауы шеңберінде қойылған міндеттерді іске асыруға бағытталған. Атап айтқанда, балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы оқыту сапасының алшақтығын қысқарту, оқушы орындарының тапшылығы проблемаларын шешу үшін мектептер салу, қауіпсіз әрі жайлы білім беру ортасын құру және басқа да мәселелер қарастырылған. Жобаның басты мақсаты- барлық білім беру деңгейлерінде білім алушылардың білім сапасын арттыру. Сондай-ақ, жедел шешімдерді талап ететін және халықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге бағытталған мәселелер бойынша мемлекеттік бағдарламамен сабақтастық сақталған.

Бірінші міндет - мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету.

Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің басшысы Эльдар Түлековтің айтуынша, ЖАО-мен (жергілікті атқару органдары) бірлесіп 2021-2025 жылдарға арналған мектепке дейінгі ұйымдарды іске қосу мен ашудың қадамдық жоспарын әзірлеген. Оның мәліметінше, 2021 жылы 33,5 мың орынға 442 мектепке дейінгі ұйым ашылған. 3 пен 6 жас аралығындағы мектеп жасына дейінгі балаларды қамту 99,1%-ға, 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 88,9%-ға жеткен. Сондай-ақ, ол «Балаға ақша» қағидаты бойынша ваучерлік қаржыландыру жолымен мемлекеттік тапсырысты орналастыру арқылы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жалғасатынын жеткізді.

«Механизм Нұр-Сұлтан қаласында пилоттық режимде іске асырылуда. 2022 жылы 39 593 орынға 360 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланған. «Ойын арқылы оқыту» қағидаты негізінде мемлекеттік стандарт өзгертілетін болады. Бала дамуының жаңартылған моделін енгізу басталады», - деді департамент басшысы.

Екінші міндет - Орта білім беру сапасын арттыру: Қазақстанның өңірлері, қалалық және ауылдық мектептері арасындағы оқыту сапасын алшақтықты қысқарту (PISA). Ұлттық жоба аясында оқушылардың білім сапасындағы алшақтықты азайту бойынша кешенді шаралар қабылданатын болады. Ұлттық жоба аясында 12 жылдық оқытуға көшу жоспарлануда. Былтырдан бастап қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру көзделуде. Бұл процесс конкурстық негізде және жеке ұйымдарда өтеді.

Білім және ғылым министрлігі Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің басшысы Эльдар Түлеков 2022 жылы Қазақстан алғаш рет ЭЫДҰ PBTS (PISA-based Test for Schools) зерттеуіне қатысатынын жеткізді. Ағымдағы жылғы 8 қараша мен 10 желтоқсан аралығында жеке мектеп деңгейінде сыртқы бағалауды жүргізуге бағытталған зерттеудің апробациялық кезеңі өткен. Апробацияға ЭЫДҰ іріктемесімен іріктелген республиканың 17 өңірінен 200 білім беру ұйымы қатысқан.

«Әр өңірден 8-ден 24-ке дейін білім беру ұйымы іріктеліп алынды. 17 өңірде ЭЫДҰ халықаралық талаптарына сәйкес апробациялық зерттеу өтті. Зерттеу нәтижелері 2022 жылдың мамыр-маусым айларында шығады», - деді Эльдар Түлеков.

Сондай-ақ, ол өңірлік білім басқармалары, мектеп директорлары оқушылардың білім деңгейі, олардың әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары, мектеп климаты, сондай-ақ әрбір нақты мектепте оқуға әсер ету факторлары туралы егжей-тегжейлі деректер алатынын айтып өтті.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік осал отбасылардың балалары үшін оқушылардың біліміндегі олқылықтарды қалпына келтіру мақсатында нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізілгеннен кейін «Цифрлық мұғалім» жобасы іске асырыла бастайды. Сонымен қатар, былтырғы жылы қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырыс орналастыру басталды.

«Мемлекеттік тапсырыс конкурстық негізде, оның ішінде жекеменшік ұйымдарда орналастырылатын болады. Балаларды қосымша біліммен қамту 2021 жылы 70,5%-ды құрады. 2022 жылы оқушылардың 75,5% қамту жоспарлануда», - деді департамент директоры.

Үшінші міндет – мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз ету.

Оқушы орындарының тапшылығын қысқарту үшін 2025 жылға қарай 1000 мектеп салу жоспарланған. Нәтижесінде үш ауысымды мектептерді жою және апатты мектептер үлесін 0,1%-ға дейін қысқарту күтілуде. 2025 жылға қарай шағын қалаларда, аудан орталықтарында, ауылдарда 5000 мектеп жаңғыртылып, балаларды оқыту үшін қауіпсіз және қолайлы жағдайлар жасалатын болады.

«Ағымдағы жылы мектеп құрылысы бойынша жол картасы әзірленді, оның шеңберінде 2021 жылы 200 мектеп ашу жоспарлануда. Мемлекеттік бюджет есебінен 25 940 орынға 74 мектеп пайдалануға берілді. 59 000 орынға 156 жекеменшік мектеп ашылды. Жыл соңына дейін 1000 орынға 6 жекеменшік мектепті іске қосу жоспарланып отыр», - деді Эльдар Түлеков.

Сонымен қатар, шағын қалаларда, аудан орталықтарында және ауылдарда 2021-2025 жылдарға арналған 5 000 мектепті жаңғыртудың жол картасы бекітілген. Қазіргі уақытта 1015 мектепте жаңғырту жұмыстары жүргізілген.

«2022 жылы 1003 мектеп жаңғыртылады. 2022 жылы мектептердің 70%-ы пәндік кабинеттермен жабдықталатын болады, 2021 жылға көрсеткіш – 65,9% орындалды. Бүгінгі күні білім беру ұйымдары бейнебақылау жүйелерімен толықтай қамту жоспарланған: ішкі – 64% (жоспар – 60%), сыртқы – 41% (жоспар – 30%)», - деді департамент басшысы.

Сондай-ақ, ол ауыз судың базалық көздерімен, бөлек минималды жабдықталған дәретханалармен және қол жууға арналған базалық құралдармен қамтамасыз етілген мектептердің үлесі 85,5%-ды құрайтынын жеткізді. 2022 жылы бұл көрсеткішті 89%-ға жеткізу жоспарланған. Инклюзивті ортада балаларды психологиялық-педагогикалық сүйемелдеуді қамтамасыз ету үшін мүмкіндіктері шектелген балаларға арналған ұйымдардың жұмыс істеу нормативін 50 мың балаға 1 ПМПК (Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация) есебінен жаңарту бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта 207 ПМПК және 82 ППТК жұмыс істейді. 2025 жылға қарай қосымша 43 ПМПК ашылады. 2022 жылдан бастап даму мүмкіндігі шектеулі балаларды арнайы психологиялық-педагогикалық қолдауға мемлекеттік тапсырыс орналастырылатын болады. Нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі балалардың 50%-ы психологиялық-педагогикалық қолдаумен және ерте түзетумен қамтамасыз етіледі.

Төртінші міндет – қолжетімді және сапалы техникалық және кәсіптік біліммен қамтамасыз ету. 2025 жылға қарай жастарды қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен толық қамту қамтамасыз етіледі. Қамтуды ұлғайту нәтижесінде NEET санатындағы жастар үлесінің төмендеуі күтілуде.

БҒМ Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің басшысының дерегінше, 2021 жылы мемлекеттік тапсырыс 2020-2021 оқу жылының 9-сынып базасында қабылдаумен салыстырғанда 20 205 адамға ұлғайтылған. Квота бойынша мемлекеттік тапсырыспен оқуға 37,5 мың адам қабылданды, бұл жалпы қабылдаудың 39,3%-ын құрайды.

«2022 жылы жастарды қажетті мамандықтар бойынша тегін техникалық және кәсіптік біліммен қамту 70%-ға жетеді. Колледждердің оқу-өндірістік шеберханаларын заманауи жабдықтармен жарақтандыру бойынша жұмыс жалғастырылады», - деді департамент басшысы Эльдар Түлеков.

Бесінші міндет – қазақстандық жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру.

Жоғары оқу орындарының халықаралық имиджі мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған «Академиялық артықшылық орталықтары» жобасын іске асыру басталды. Жоба шеңберінде 2025 жылға дейін 20 академиялық артықшылық орталығы (15 өңірлік және 5 педагогикалық жоғары оқу орны) құрылады. Мүдделі мемлекеттік органдармен, ЖАО-мен, ЖОО-мен бірлесіп жол картасы бекітілді.

Сондай-ақ, жобаны іске асыру туралы ереже бекітілді. Жоғары оқу орындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру және оңтайландыру жөніндегі кеңес «Академиялық артықшылық орталықтарын» құруға арналған жоғары оқу орындарының тізбесін бекітті. Сонымен қатар, Назарбаев университетінің тәжірибесі бойынша 2 озық өңірлік ЖОО құрылатын болады.

БҒМ Стратегиялық жоспарлау және үйлестіру департаментінің басшысының мәліметінше, 2021 жылғы 19 шілдедегі №349 бұйрыққа сәйкес республикалық бюджет шеңберінде еліміздің 29 жоғары оқу орнына 200 шетелдік сарапшы тартылған.

«2022 жылы халықаралық білім беру бағдарламалары мен шетелдік әріптестермен академиялық алмасуларды іске асыратын жоғары оқу орындарының үлесі 35%-ға дейін ұлғаяды. Бұдан басқа, 200 шетелдік сарапшы оқытушылық қызметке тартылатын болады», - деді департамент басшысы

Айта кетейік, ұлттық жоба 4 бағыттан тұрады. Ол мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, орта білім, техникалық және кәсіптік білім, сондай-ақ, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қамтиды. Жобаның мақсаты- жас ұрпаққа сапалы білім беруді көздейді. Сонымен қатар, ұлттық жобаны іске асыру мектептердің инфрақұрылымын жақсартуға, мектептерді жайлы, қауіпсіз және заманауи білім беру ортасымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Венера Жоламанқызы


Ұқсас жаңалықтар

Jańalyqtar

MURAǴAT