2022 жылы Қазақстанда жаңадан 24 электровоз желіге қосылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин теміржол жолдарын жаңғырту және жылжымалы құрамды жаңартуға қатысты депутаттық сауалға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасында Достық – Мойынты учаскесінде ұзындығы 833 шақырым болатын екінші жолдардың құрылысы көзделеді. Оны іске асыру кезеңі - 2021-2024 жылдар. Аталған жоба Қазақстанның ҚХР – ЕО маршрутында теміржол транзиттік тасымалдарындағы басым рөлін сақтап қалады, бұл учаскенің өткізу қабілетін 5 есеге арттыруға және контейнерлік пойыз жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді», - делінген А. Маминнің жауабында.

Оның айтуынша, биыл меншікті қаражат есебінен Достық – 19-разъезд учаскесінде ұзындығы 25 шақырым екінші жолдардың және 19-разъезд учаскесінде үш жолдың құрылысы басталды.

«Алтынкөл – Жетіген учаскесінің және Алматы теміржол торабының жүктемесін азайту үшін ұзындығы 73 шақырым Жетіген – Алматы айналма теміржол желісін салу жоспарлануда (жоба). Жобаны іске асыру Алматы торабының жүктемесін 30 %-ға азайтуға, сондай-ақ жүктерді жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Жобаны 2022-2023 жылдары іске асыру көзделген», - деп жазды Үкімет басшысы.

«Сонымен қатар, бүгінгі күні локомотивтердің жүк паркін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл шарттар бойынша 15 тепловоз бен 12 электровоз алынды, ал 2022 жылы тағы 24 электровоз және 28 тепловоздың жеткізілуі күтілуде», - деді Премьер-Министр.

Еске сала кетейік, сенатор Нұрлан Қылышбаев еліміздің Премьер-Министрі Асқар Маминнің атына жолдаған депутаттық сауалында кәсіпкерлердің Қытаймен шекара арқылы тауар тасымалдау кезінде кездесетін мәселелерін көтерді.
Соңғы жаңалықтар