2022 жылы газдандырылған өңірлердің автопаркі газға көшпек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газ және газбен жабдықтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі күні газды кеңінен қолдануды ынталандыру және газды терең өңдеуге инвестициялар тарту мақсатында газ саласын мемлекеттік реттеудің жаңа кезеңінің қажеттілігі туындады. Халықты тұрақты газбен жабдықтау және одан әрі газдандыру басымдығын сақтай отырып, заң жобасында инвестициялық жобалардың түрлі жаңа санаттары үшін жеке баға белгілеу көзделген», - деді заң жобасы бойынша баяндама жасаған ҚР Энергетика бірінші вице-министрі Махамбет Досмұхамбетов.

Оның дерегінше, ең алдымен мемлекет бекітетін бағалар газдың өзіндік құнынан едәуір төмен. Бұл газ саласын дамытуда тежеуші фактор болып отыр. Екінші жағынан, осы кезеңде мемлекеттік реттеуден бас тарту және нарықтық баға белгілеуге толық көшу газ бағасының бірден өсуіне алып келеді.

«Осыған байланысты, мұнай-газ химиясын ынталандыру мақсатында мұндай жобалар үшін тауарлық газдың бағасын белгілеу тетігі мынадай формула бойынша әзірленді: газ жеткізудің өзіндік құны қосылған Ұлттық оператор рентабельділігінің ең төменгі нормасы 7 пайыз», - деді бірінші вице-министр.

Махамбет Досмұхамбетов қолданып жүрген отын түрлерімен салыстырғанда газдың отын ретінде бірқатар артықшылығы бар екендігін айтады.

«2018 жылы ҚР Үкіметі табиғи газды мотор отыны ретінде қолдануды дамыту бағдарламасын қабылдады. Оны іске асыру экологиялық жүктемені төмендетуге, автокөлік құралдарының шығындарын азайтуға, жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді. 2022 жылға қарай елдің газдандырылған өңірлерінде муниципалдық автопаркті сығылған (компримирленген) газға көшіру жоспарлануда. Автопарктегі көлік саны - 12 мың бірлік», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар