2022 жылы елордада уақытша тіркелген шетел азаматтарының саны өсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Былтыр Астанада уақытша тіркелген шетел азаматтарының саны өсті. Бұл туралы елордадағы Полиция департаменті Көші-қон қызметі басқармасы басшысының орынбасары Анар Жомартова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша уақытша тіркелген шетел азаматтарының санының өскені байқалды. 2021 жылмен салыстырғанда 30 пайыз өсім болды, яғни 42 762 шетелдік тіркелді», - деді А. Жомартова.

Оның айтуынша, шетел азаматтарының елге келу ағымының күшеюіне байланысты полиция көші-қон режимі аясында тиісті жұмысты, сондай-ақ олардың Қазақстанда тіркелуіне бақылауды күшейту іс-шараларын атқарып жатыр. Осы орайда «Мигрант», «Участок» заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл жедел-профилактикалық іс-шаралары жүйелі түрде өткізіліп келеді.

Таратылған мәліметке қарағанда, қазіргі кезде елордада тұрақты тұратын шетел азаматтарының саны 13 мың 668-ге жеткен. Оның 5 949-ы этникалық қазақ. Сонымен қатар, қалада 361 азаматтығы жоқ адам тұрып жатыр.


Соңғы жаңалықтар