2022 жылы елімізде 280 млн түп ағаш отырғызылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Алдағы жылы еліміздің орманды аумақтарында 280 млн түп көшет егіліп, жаңа орман тәлімбақтары құрылмақ. Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Әлия Шалабекова ОКҚ-де өткен баспасөз мәслихаты барысында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бүгінгі таңда ел аумағында 218 орман тәлімбағы бар және ол 2649 гектар жерді алып жатыр. Алдағы жылдары оның аумағын 325 гектарға дейін кеңейту міндеті бар. Сондай-ақ, 282 гектар жерде жаңа орман тәлімбақтарын құру жоспарлануда. Сонымен қатар орманды алқаптарда ағаш отырғызу науқаны да жалғасын табады. 2022 жылға арналған жоспар бойынша ел көлемінде 112 мың гектар жерге 280 млн түп ағаш отырғызылады», - деді Ә. Шалабаева.

Вице-министрдің сөзіне сенсек, 2023 жылы Қазақстанның орман алқаптарында 410 млн түп көшет егілмек.

«Президент тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін ел көлемінде 714 миллионнан астам сексеуіл (36 %), 638 миллионнан астам қарағай (32%), 120 миллион шамасында шегіршін (6 %), 121 миллионға жуық қайың (6%) және 407 миллионнан астам түп (20%) басқа да ағаш түрі егілмек», - дейді ол.

Еске сала кетсек, Мемлекет басшысы өткен жылғы Жолдауында 2025 жылға дейін еліміздің орманды аумағында 2 млрд түп ағаш отырғызу міндетін жүктеген еді.

Сондай-ақ, министр орынбасары елімізде отырғызылған ағаш көшеттерінің қаншалықты жерсініп кетуіне қатысты пікір білдірген еді.

Соңғы жаңалықтар