2022 жылы экономиканың нақты секторын қолдауға 2 трлн теңге бағытталады

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2022 жылға 2 трлн теңге көзделді. Осы қаражат аясында «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, «Бизнестің жол картасы – 2025», индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламалары мен басқа да бағдарламаларды іске асыру жалғасатын болады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және Мемлекеттік жоспарлау жүйесіндегі өзгерістерді, сондай-ақ Жалпыұлттық басымдықтарды ескере отырып, қазіргі уақытта мемлекеттік бағдарламаларды ұлттық жобаларға трансформациялау бойынша жұмыстар жүргізілуде», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, 2022 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,5 трлн теңге бөлінеді, бұл жалпы бюджет шығысының 28,3 пайызы. Оның ішінде ағымдағы нысаналы трансферттері түрінде 1,8 трлн теңге, даму трансферттері түрінде 630 млрд теңге көзделген.

«2022 - 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасының негізгі бағыттары осындай. Премьер-министр Кеңсесімен бірлесе отырып, Заң жобасы Мәжілістің қарауына енгізуге дайындалады», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылы түсімдер биылдың жоспарымен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғая отырып, 13 трлн теңге деңгейінде болжанды. 2022 жылы әлеуметтік салаға бағытталған қаражат сомасы өседі.


Соңғы жаңалықтар