2022 жылы барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 28,3 мың кездесу өткізді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылдың екінші жартыжылдығында әкімдер халықпен 20 мыңға жуық кездесу өткізді. Бұл туралы Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2022 жылдың 2 жартыжылдығында әкімдер халықпен 19,8 мыңға жуық кездесу өткізді. Олардың барысында тұрғындар әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылым нысандарын салу, экология жағдайы, жолдарды жөндеу, жер мәселелері және тағы басқа сұрақтар бойынша 33,4 мыңнан астам мәселе көтеріп, өз ұсыныстарын айтты», - деді Ә.Қуантыров.

Оның айтуынша, кездесулердің нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар 33,1 мың мәселенің шешімін тапты. Халық көтерген проблемаларды шешу үшін жергілікті бюджеттен 485 млрд теңге қажет. Керек қаржының 253,8 млрд теңгесі немесе 52,3 пайызы бөлінді.

«Әкімдіктер орталық атқарушы органдар, ұлттық холдингтер және компаниялар деңгейінде шешілетін мәселелердің тізімін қалыптастырды. Бұл тізім 62 мәселені қамтып тұр. Олардың басым бөлігі республикалық бюджеттен қаражат бөлуді қажет етеді», - деді министр.

Осы орайда ол аталған тізімде қамтылған тақырыптарға қатысты егжей-тегжейлі талдау жасағанын айтты.

«Өңірлерде көтерілген 10 мәселе бойынша қажетті құжаттама дайын емес. Тағы 5 мәселені шешуге республикалық бюджетте 20,2 млрд теңге қарастырылған. 13 мәселеге қатысты 61,2 млрд теңге сомасында қаражат бөлу мүмкіндігі 2023 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаралатын болады. 14 мәселені шешу бойынша жұмысты мемлекеттік органдар атқарып жатыр. 18 мәселенің шешімі жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде. Сондықтан, оларға орталық мемлекеттік органдардан қолдау көрсетілмеді. Бұдан бөлек, 2 мәселе бойынша мемлекеттік органдар тиісті шешім жасады», - деді Ә. Қуантыров.

Талдау нәтижесінде, орталық мемлекеттік органдар деңгейінде шешуді талап ететін 6 мәселе іріктеліп алынды.

Сонымен қатар, 2022 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша орталық деңгейде шешуді талап ететін 14 мәселе анықталды. Оның ішінде бесеуінің шешімі орындалып, 6 мәселеге қатысты мемлекеттік органдар қолдамады. Шешімі ұзақ мерзімді талап ететін 3 мәселе қарастырылып жатыр.

«Жалпы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі әкімдер халықпен 28,3 мың кездесу өткізді. Онда 63 мың мәселенің басы ашылып, 47,6 мыңы шешімін тапты. Бұл көрсеткішін 75,5 пайызды құрады», - деді министр.

Өңірлерде көтерілген мәселелерді шешу бойынша жоғары көрсеткіш келесі облыстарда байқалды:

- Ақтөбе облысы – 94,7%;

- Қостанай облысы – 93%;

- Алматы қаласы – 92,8%.

Ал төменгі көрсеткіштер:

- Алматы облысында. Бұнда мәселелердің тек 28,5% ғана шешілді;

- Батыс-Қазақстан облысында. Сұрақтардың 50,5% шешілді;

- Атырау облысында. Мұнда мәселелердің 54,5% шешілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Үкіметте орталық органдар басшыларының халықпен кездесу қорытындылары жарияланды.


Соңғы жаңалықтар