2022 жылы ауылдық округтердің бюджетіне салықтың қай түрлері беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Мәлік Мырзалин 2022 жылы ауылдық округтердің бюджетіне салықтың қай түрлері берілетін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бюджетке келсек, қазір бюджеттің төртінші деңгейі, яғни ауылдық округ бюджетінің кірісі салықтың бес түрінен жиналады. 2022 жылдан бастап салықтар мен төлемдердің тағы төрт түрі ауылдық округтерге беріледі. Бұл негізінен жер салығы, жер учаскесін пайдаланғаны үшін төлем, жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдер және т.б. мәселелерге қатысты», – деді Мәлік Мырзалин «Хабар 24» телеарнасына берген сұхбатында.

Қаржы министрлігі есебі бойынша, осының арқасында ауылдық округтердің бюджеті қосымша 16 млрд теңгемен толығады.

«Бұдан әрі ауыл бюджетіне тағы да бірнеше салық төлемдерін беру жоспарлануда – су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем және т.б. Мұның бәрі алдағы жылдары төртінші деңгейлі бюджеттің өз-өзін қамтамасыз ету деңгейін үш есе арттыруға мүмкіндік береді», - деп түйіндеді Мәлік Мырзалин.

Сұхбат кезінде ол әкім сайлауына саяси партиялардың қаншалықты белседі қатысқаны туралы пікір білдірді.

Айтуынша, сайланған 864 әкімнің 77,7%-ы немесе 671 адам – Nur Otan-ның өкілі. «Ауыл» партиясынан 3,8% яғни 33 адам әкім атанса, «Адал» партиясынан 1,7%, яғни 15 әкім, «Ақжол» партиясынан 1,4% немесе 12 адам, Қазақстан халық партиясынан 1,3% немесе 11 адам және ЖСДП-дан 0,1%, яғни 1 адам сайланған.


Соңғы жаңалықтар