2022 жылы әлеуметтік салаға бағытталған қаражат сомасы өседі – Қаржы министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Бюджет шығыстары құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50 пайыз. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Шығыстар орта мерзімді кезеңге Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі жалпыұлттық басымдықтарын ескере отырып, қалыптастырылды. 2022 жылы шығыстар биылғы жылдың жоспарынан 577 млрд теңгеге ұлғая отырып, 15,9 трлн теңгені құрайды. Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылға 14,9 трлн теңге деңгейінде анықталды», - деді Е. Жамаубаев.

Оның айтуынша, Даму бюджетінің көлемі 2022 жылы 1 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр.

«Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50 пайызды құрайды. Осылайша, 2022 жылы әлеуметтік салаға 2021 жылдың бюджетіне қарағанда 515 млрд теңгеге өсе отырып, 8 трлн теңге көлемінде жоспарланды. Шығыстардың өсуі жыл сайынғы индекстеу және зейнетақы мен жәрдемақы алушылар контингентінің ұлғаюына, сондай-ақ мұғалім мен дәрігер жалақысының көтерілуіне байланысты болды», - деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, 2022 жылы түсімдер биылдың жоспарымен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғая отырып, 13 трлн теңге деңгейінде болжанды.



Соңғы жаңалықтар