2021 жылы Токио Олимпиадасы коронавирусқа қарамастан өткізіледі – ХОК вице-президенті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Кейінге шегерілген Токио Олимпиадасы келесі жылы COVID-19 вирусына қарамастан өткізіледі, деп мәлімдеді Халықаралық олимпиада комитетінің вице-президенті Джон Коутс. Ол Олимпиаданың 2021 жылдың 23 шілдесінде басталатынын растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат BBC-ге сілтеме жасап.

Олимпиада осы жазда өтуі керек еді, бірақ пандемияға байланысты кейінге қалдырылды. ХОК бұған дейін айтқанындай, енді кейінге қалдыру деген болмайды.

«Ойындардың басты идеясы – Жапонияның жойқын цунамиден кейін қайта қалпына келуі болатын», – деді Джон Коутс. (Оның айтып отырғаны 2011 жылғы жер сілкінісі мен цунами салдары). «Енді олар туннельдің соңындағы жарық, Covid вирусын символдық түрде жеңетін Ойындар болмақ».

Шілде айында «Токио – 2020» ұйымдастыру комитеті жетекшілерінің бірі Тоширо Муто Олимпиада шектеулі аудиториямен өтуі мүмкін деген болатын. Алайда ойын ұйымдастырушылары спорттық шараны мүлдем көрерменсіз өткізуді қаламайды.

Ол Олимпиада ойындарының ашылу және жабылу салтанаттарын жеңілдету, сондай-ақ қатысушы елдердің делегациялары мен қызметкерлерінің санын қысқарту қажет болуы мүмкін екенін айтты.

2020 жылғы Олимпиадаға екі жүз ел мен аумақтан 11 мыңнан астам атлет қатысады деп жоспарланған болатын. Қолданыстағы шектеулер оларға қалай әсер ететіні белгісіз еді, өйткені қазіргі уақытта Жапония шекарасы негізінен шетелдіктер үшін жабық.

Тоширо Муто коронавирусқа қарсы вакцина ойын өткізудің міндетті шарты болмайды деп мәлімдеді, дегенмен медицина мамандары вакцинасыз Олимпиаданың өтуіне күмән келтіреді.

«Егер вакцина пайда болса, жақсы жаңалық болар еді. Дегенмен біз вакцинасыз ойын өткізе алмаймыз деп айтпаймыз. Себебі бұл міндетті емес», – деді Муто.

Сәуір айында ұйымдастыру комитетінің басшысы Йоширо Мори егер Олимпиада 2021 жылы өткізілмесе, онда ол мүлдем өтпейтінін айтты.

Мұндай шешімді түсіндіре отырып, ХОК президенті Томас Бах: «Ұйымдастыру комитетінің 3-5 мың адамнан тұратын штатын тұрақты ұстап отыра алмайсың. Жыл сайын әлемдегі барлық басты спорттық оқиғалардың күнтізбесін де түзетуге келмейді», – деді.

Пандемияға дейін Олимпиада тек Дүниежүзілік соғыстарға байланысты тоқтатылған, бірақ ешқашан кейінге қалдырылмаған.


Соңғы жаңалықтар