2021 жылы Президент қандай саяси реформаларды іске асырды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жыл бойы іске асырған реформаларына шолу жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жыл еліміз үшін кезекті реформалар жылы болды. Әуел бастан саяси блок пен құқық қорғау проблематикасы қарқынды өзгерістердің саласына айналды», - деп жазды ол Telegram-каналында.

Ерлан Қариннің айтуына қарағанда, жыл ішінде аталған салаларда мынадай маңызды сапалық өзгерістер іске асқан:

1) Мамыр айында Президент саяси партиялар үшін Мәжіліске өту шегін 7-ден 5%-ға дейін төмендетуді көздейтін заңға қол қойды.

2) Бұл заң барлық деңгейдегі сайлау бюллетеньдерінде «Бәріне қарсымын» деген бағанды бекітті.

3) Маусым айында Президенттің арнайы жарлығы бойынша Үкімет адам құқықтары саласындағы бірінші кезектегі шаралар жоспарын бекітті. Ол адам саудасы құрбандарының, мүгедек адамдардың құқықтарын қамтамасыз етуге, қылмыстық сот төрелігі саласында адам құқықтарын қамтамасыз етуге, азаптаулар мен қатыгез қарым-қатынастың алдын алуға және т. б. бағытталған пәрменді шаралардың кең жиынтығын қамтиды.

4) 25 шілдеде Қазақстанда алғаш рет ауылдық округ әкімдерінің тікелей сайлауы өтті. Өткен сайлаудың нәтижесінде ауыл әкімдерінің корпусы 50%-дан астам жаңарды.

5) Қыркүйек айында Президент кезекті Жолдауында депутаттық мандаттарды бөлу кезінде әйелдер мен жастар үшін 30 пайыздық квотаны заңнамалық түрде бекітуді ұсынды. Мемлекет басшысы ерекше мұқтаждықтары бар адамдарды қоса отырып, партиялардың сайлау тізімдеріндегі азаматтардың квоталанатын санаттарының тізбесін кеңейтуді ұсынды. Аталған нормалар бойынша заң жобасы әзірленді.

6) Жолдауда құқық қорғаушылардың құқықтарын қорғау, қылмыстық процесті жетілдіру бойынша одан әрі шаралар қабылдау қажеттігі белгіленді. Сондай-ақ, полицияның сервистік моделін кеңейту міндеті қойылды. Келесі жылдан бастап бұл тәжірибе бүкіл елге таратылатын болады.

7) Адам құқықтары жөніндегі уәкіл институтын жүйелі нығайтуды және өлім жазасын толық жоюды көздейтін екі заңның әзірленуі де құқық қорғау саласындағы үлкен прогреске ықпал етті.

«Бұл Мемлекет басшысының саяси реформалар блогы бойынша ең елеулі бастамалары ғана. Оларды толық іске асыру үшін биыл 2 Жарлық пен 6 Заң қабылданды.

Жалпы Президент ұсынған барлық саяси жаңашылдықтар бойынша ауқымды әрі жоспарлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондықтан саясат және құқық қорғау салаларында нақты өзгерістерді жүзеге асыру бағыты 2022 жылы да сақталады», - дейді Президент көмекшісі.


Соңғы жаңалықтар