2021 жылы нарықтарға қандай факторлар әсер етті
2022 жылғы 14 қаңтар 13:57

2021 жылы нарықтарға қандай факторлар әсер етті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Қаржы нарығы үшін 2021 жылдың негізгі нәтижелері мен 2021 жылдың желтоқсанында нарықтарға әсер еткен факторлар туралы түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылдың басында вакцинациялау процесінің кеңінен өрістеуін күткен инвесторлардың үміттері, әсіресе дамушы елдердің нарықтарына қатысты үміттері оптимистік сарында болды. Алайда, жылды қорытындылай келе, бұл оптимизм күткенімізді ақтамады деп қорытынды жасауға болады. Монетарлық және фискалдық қолдаудың теңдессіз шаралары әлемдік экономика өсуінің және қаржы нарықтарының серпінін жақсартудың негізгі қозғаушы күштеріне айналды. Сонымен бірге, бұл шаралар бүкіл әлемде тұрақты және жоғары инфляцияның факторларына айналды», - деді Әлия Молдабекова.

Оның айтуынша, коронавирустың жаңа штамдарының пайда болуы, сондай-ақ вакцинацияның баяу қарқыны мәжбүрлі түрде қайталанған локдаундарға және жаһандық жеткізілім тізбегінің бұзылуына әкеп соқты. Бұл да әлемдік бағаның өсуіне әкеліп, 2021 жылы дамушы елдер активтерінің серпініне теріс әсер етті. Дамушы елдер акцияларының индексі (MSCI EM) дамыған елдер нарығынан біршама артта қала отырып, бір жылда 4,6%-ға төмендеді.

«2021 жылы қомақты өсуді көрсеткен активтердің бірнеше сыныптарының бірі фискалдық және монетарлық қолдау шаралары есебінен өтімділіктің сақталып отырған ең үлкен көлемі аясында дамыған елдердің акциялар нарығы болды. MSCI World индексі бір жыл ішінде 22,4%-ға өсті. АҚШ долларының нығаюы аясында дамыған елдердің мемлекеттік облигацияларының жаһандық индекстерінің кірістілігі теріс болды және (-)3,5%-ды құрады, ал корпоративтік облигациялар индексі 3,1%-ға төмендеді. 2021 жылғы желтоқсанда АҚШ-тағы инфляция 7% ж/ж жетті – бұл соңғы 40 жылдағы рекордты көрсеткіш. АҚШ-тағы инфляцияның өсуі АҚШ ФРЖ қолдау шараларының тез арада тоқтатылуына және монетарлық саясатты күшейтуге көшуге байланысты алаңдаушылықтың артуына себеп болды. Қаржы нарығына қатысушылар ФРЖ мөлшерлемесінің алғашқы өсуін наурыздың өзінде күтуде. Нәтижесінде, АҚШ доллары бағамының жаһандық нығайғаны және қазынашылық облигациялар кірістілігінің өскені байқалды», - деді ҰБ өкілі.

«Жыл қорытындысы бойынша, АҚШ долларының DXY индексі 6,4%-ға едәуір өсті, бұл соңғы 5 жылдағы ең жоғары қарқын болып отыр. Дамушы нарықтардың валюталарында қарама-қарсы серпін ЕМ елдері валюталарының индексі 9,25%-ға әлсіреді. Биылдың басынан бастап дамушы елдердің валюта индексі бойынша айтарлықтай өзгерістер байқалмайды. Алайда, НАТО мен Ресей Федерациясы арасында Украинадағы жағдай бойынша жүргізілген келіссөздердің нәтижесіз аяқталуы саладрынан кеше Ресей рублінің бағамы бір доллар үшін 74,7 рубльден 76,3 рубльге дейін 2,2%-ға әлсірегенін атап өткен жөн», - деді Әлия Молдабекова.


Jańalyqtar

Үрдіс

MURAǴAT