2021 жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобаның нәтижесі қандай болды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 2021 жылы атқарылған жұмыстарды баяндады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы Ұлттық жобаны іске асыру қорытындылары бойынша қол жеткізілген нәтижелерге толығырақ тоқталғым келеді. Пандемияға қатысты 2020 жылы Бизнестің жол картасы-2025 аясында салалық шектеулер алынып тасталды. Бұл субсидиялау және кепілдік беру жөніндегі көрсеткіштің 62 пайызға артығымен орындалуына ықпал етті, сондай-ақ 48,8 мың жоба мемлекеттік қолдаумен қамтылды», - деді Ә. Қуантыров.

Оның айтуынша, көрсетілетін қызметтер мен өңдеу өнеркәсібі салаларында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 984 жобаға грант берілді. «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік саласы бойынша 33,4 мың адам оқытылды.

«2021 жылдың қорытындысы бойынша 169 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бизнесті ашу және жүргізу, сондай-ақ мемлекеттік қолдау шараларын алу бойынша ақпараттық-консультациялық көрсетілетін қызметтер алды. Кәсіпкерлер үшін әкімшілік кедергілерді азайту мақсатында кәсіпкерлік субъектілері ұсынатын 435 ақпараттық құралға тексеру жүргізілді», - деді министр.

Оның айтуынша, туризмді дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау аясында нөмірлік қор 193 мың орынға дейін ұлғайтылды. Ішкі туристер саны 6,9 млн адамға дейін өсті. Сонымен бірге, 2021 жылы туризм саласы пандемияның салдарынан шектеулер болғандықтан, қиындықтарға тап болды.

«Ұлттық жобаны іске асыру 2021 жылдың қорытындысы бойынша тиісті әлеуметтік-экономикалық әсерлерге қол жеткізуге мүмкіндік берді. Тұрақты жұмыс орындарына 403 мың адам жұмысқа орналастырылды. 320 мың жаңа жұмыс орны құрылды. Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен 814 мың адам қамтылды. Табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аз ауыл халқының үлесі төмендеді. Жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі өсті. Экономикадағы мемлекеттік сектордың үлесі 14,5 пайызға дейін төмендеді», - деді ведомство басшысы.


Соңғы жаңалықтар