2021 жылы арнайы экономикалық аймақтарда 2 трлн теңгенің жобасы іске асады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына салынған бюджеттің 1 теңгесі 2,8 теңге жеке инвестиция тартуға жол ашты. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Роман Скляр мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Инвестиция тарту мен экспортты ілгерілету құралдарының бірі - арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар. Қазақстанда қазіргі уақытта 12 арнайы экономикалық аймақ және 23 индустриялық аймақ құрылған. Олар жұмыс істеп тұр. Арнайы экономикалық аймақтар және Индустриялық аймақтар үшін жеңілдіктер мен артықшылықтардың айырмашылығы бар екенін атап өткен маңызды. Себебі, оған қатысушыларға салық және кеден жеңілдіктерінің ауқымды топтамасы ұсынылады», - деді Роман Скляр.

Министрдің айтуынша, бұл бағытта елімізде 183 жоба іске қосылған. Олардың ішінде шетелдік қатысушылармен 46 жоба бар.

«Осының арқасында 15,5 мың жұмыс орны құрылды. Бюджетке салық түрінде шамамен 150 млрд теңге қайтарылды. Барлық арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымының құрылысына бюджет шығындары 314,3 млрд теңгені құрады. Бұл ретте тартылған инвестиция көлемі 910 млрд теңге. Яғни, арнайы экономикалық аймақ инфрақұрылымына салынған 1 бюджет теңгесі 2,8 теңге жеке инвестиция тартуға жол берді», - дейді Роман Скляр.

Ведомство басшысы атап өткендей, индустриялық аймақтарда инвестиция көлемі шамамен 183 млрд теңгені құрайтын 168 өндіріс іске қосылған. 8,5 мыңнан аса жұмыс орындары құрылған.

«2021 жылға қарай, арнайы экономикалық аймақ аумақтарында 2 трлн теңгеден асатын сомаға 147 жоба іске асырылатын болады. Осылайша, 2019 жылы шамамен 1200 жаңа жұмыс орнын құра отырып, 160 млрд теңгеден аса сомаға 36 жоба іске қосылатын болады. Ал 2021 жылға қарай жалпы сомасы 1,9 трлн теңгеге 111 жоба іске қосылады», - дейді Роман Скляр.

Соңғы жаңалықтар