2021 жылы ана мен баланы қолдауға 756 млрд теңге қарастырылған – Еңбек министрі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2021 жылы ана мен баланы қолдауға 756 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы халыққа есеп беру кездесуінде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, ана мен баланы қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көпдеңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етіледі. Жыл басынан бастап балалы отбасыларға берілетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 5%-ға арттырылды.

«Республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік жәрдемақылардың мынадай түрлері көзделген: бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы, 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақы, көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы және кәмелеттік жасқа толғанша мүгедектігі бар баланың, 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның күтімі бойынша жәрдемақы», - деп атап өтті Еңбек министрі.

Сонымен қатар, жұмыс істейтін әйелдер үшін мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер беру көзделген. Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 541,3 мың теңгені, ал бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы төлем – 32 мың теңгеге жетті.

«Зейнетақы тағайындау кезінде әйелдердің әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін 3 жасқа дейінгі бала күтімі кезеңі еңбек өтіліне есептеледі. Сонымен бірге, әйелдерге 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде міндетті зейнетақы жарналары субсидияланады. Былтыр ана мен баланы қолдауға 635 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. Биыл оның көлемі 756 млрд теңгеге көзделген, бұл өткен жылғы көлемнен 19%-ға артық», - дейді Серік Шәпкенов.


Соңғы жаңалықтар