2021 жылға дейін заң жобалау жұмыстары электронды жүйеге көшеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Әділет министрлігі мемлекеттік органдар мен БАҚ өкілдеріне «Е-Заңнама» сервистік бағдарламасын таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Әділет министрлігінің Заңнама департаменті директорының орынбасары Алма Мұқанованың айтуынша, 3 жылға жоспарланған жобаға жыл сайын 35 млн теңге қаржы бөлінеді.

«Бұл ақпараттық жүйе «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасының 61-қадамына сәйкес қолға алынды. Заң жобалау жұмыстарын электронды түрде қалыптастыру, заң жобасының тұжырымдамасынан бастап, сол жобаның қабылдануына дейінгі бүкіл процестерді автоматтандыруды көзделген. Оны 3 кезеңде дайындап, 2021 жылы толықтай енгізу жоспарланып отыр. 3 жылға 105 млн теңге бөлінген. «Зерде» акционерлік қоғамы дайындаған жүйе күн сайын жетілдіріліп жатыр», - дейді Алма Мұқанова.

Аталмыш жүйеде дайындалып жатқан заңнамалық өзгертулер мен толықтырулар мемлекеттік органдар мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының, аккредиттелген бизнес нысандардың назарына ұсынылады.

«Қазіргі таңда заң жобасын дайындау жұмыстарының бір бөлігі қағаз нұсқада іске асады. Әсіресе нормаларды бірнеше мемлекеттік орган мақұлдау үшін уақты көп кетеді. Ал мұндай жүйеде қандай да бір нормаға қатысты ұсыныстар мен талдаулар, сын-ескертпелер мен БАҚ-та жарияланған ақпараттар бір базада сақталады. Осының арқасында заң шығару жұмысы жеңілдеп, оған кететін уақыт үнемделеді», - дейді Алма Мұқанова.

Қазіргі таңда мемлекеттік органдардың «Е-Заңнама» бағдарламасына қосылу процесі жүріп жатыр. Келешекте бұл жүйе «Ашық Үкімет» жүйесімен интеграциялануы мүмкін.

«Елдегі заң жобалау процесін қарапайым халық «Ашық Үкімет» жүйесі арқылы қадағалап отыр. Болашақта «Е-Заңнама» бағдарламасын аталмыш жүйемен интеграциялау жоспарланған. Бұл жүйенің тағы бір артықшылығы бар. Қандай да бір заң нормасына қатысты айтылған ұсыныстар мен сараптамалық талдаулар, өзге де маңызды ақпараттар базада сақталады. Яғни, қажет бола қалған жағдайда, «Е-Заңнама» жүйесіне кіріп, іздеген ақпаратты оңай тауып алуға болады. Жоба 2021 жылы толықтай енгізіліп бітеді. Осы аралықта оған деген қызығушылық артып, жұмысы нәтиже беріп жатса, мобильді қосымшасы да шығу мүмкін», - деді ведомство өкілі.

Соңғы жаңалықтар