2021 жылдың ең басты 21 оқиғасы

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Өтіп бара жатқан 2021 жыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен, коронавирус індетіне қарсы алғашқы вакциналаумен және түрлі мерейтойлармен есте қалды. ҚазАқпарат агенттігі жыл қорытындысы ретінде 2021 жылдың ең басты 21 оқиғасына фотошолу ұсынады.

2021 жылы Қазақстанның қасиетті әрі қастерлі мерекесі –Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тойланды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Жоғарғы Кеңес «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық Заңды қабылдаған еді. Тәуелсіздік күнінде тұтас ел бойынша салтанатты іс-шаралар өтті, әлеуметтік нысандар іске қосылады. Жыл бойы өткізілген көптеген іс-шаралар Тәуелсіздік күніне арналды.

Өзге де мерейтойларға келсек, биыл Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы, Әлихан Бөкейханұлының 155 жылдығы, Қажымұқан Мұңайтпасовтың 150 жылдығы, Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығы аталып өтті.

Сонымен бірге, 2021 жылы Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа төрағалық етті. ЕАЭО жарғылық органдарына төрағалық Беларусь елінен Қазақстанға ауысты.

2021 жылы Қазақстанда жалпыға бірдей декларациялау тәртібі күшіне енді. Декларацияның алғашқы кезеңіне мемлекеттік қызметшілер, оларға теңестірілген жұбайлары кіреді.

10 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісі мен Мәслихат депутаттарын сайлау өтті. Сайлауда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, «Nur Otan» партиясы, «ADAL» саяси партиясы, Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы, «Қазақстанның Халық партиясы» депутаттық мандатқа бақ сынасты.

Ал 18 қаңтарда Қазақстан Республикасы Үкіметінің жаңа құрамы белгілі болды. Үкіметінің құрамы туралы Президент жарлығы шықты.

19 қаңтарда Қазақстанда коронавирусқа қарсы вакциналау паспорты енгізілді. Электронды паспорт eGov mobile базасында үш тілде қолжетімді және арнайы QR код енгізілген. https://kaz.inform.kz/news/vakcinalaudyn-elektrondy-pasporty-ne-ushin-kazhet_a3746032

Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін үй алу, емделу немесе жеке қаржы компанияларына басқаруға беру мақсаттарында пайдалану құқығы берілді. Ол үшін «жеткіліктік шегі» белгіленді. Мысалы, 30 жастағы азамат үшін «жеткіліктілік шегі» 2 млн 518 мың теңгені құрайды. Осы сомадан қалғанын олар жоғарыда көрсетілген қажеттіліктерге қалауы бойынша жұмсай алады.

Ал 28 қаңтарда латын графикасындағы жаңа жетілдірілген қазақ әліпбиі жарияланды. ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен 2017 жылы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жұмыстары басталған еді.

1 ақпанда Ресейде шығарылған «Гам-Ковид-ВАК» (Спутник V) вакцинасымен коронавирусқа қарсы алғашқы вакциналау жұмыстары басталды. Қазақстанда вакцина ерікті түрде салынады.

13 ақпаннан бастап қазақстандықтар жүргізуші куәлігінсіз көлік жүргізе алатын болды. Яғни, полиция қызметкері автокөлік иесін тоқтатса, жүргізушінің жеке куәлігі арқылы планшеттегі электрондық базада тексеру жүргізе алады.

15 наурызда қазақстандық музыкант Иманбек Зейкеновтың SAINt JHN атты әншінің Roses әніне жазылған ремиксі Grammy сыйлығын жеңіп алды. Одан кейін музыкант Forbes және GQ рейтингтерінде көш бастады және Rita Ora, David Guetta сияқты әлемге әйгілі музыканттармен бірге ән жазды.

26 сәуірде коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцина – QazVac екпесінің алғашқы партиясы салына бастады. Отандық вакцинаның ерекшелігі - оны жеткізу процесі күрделі тоңазытқыш қондырғыларды қажет етпейді және плюс 2-8 градус температурада тасымалданады.

19 шілде күні Витебскте (Беларусь) өткен «Славян базары» байқауының гран-при жүлдесін қазақстандық әнші Рухия Байдүкен жеңіп алды. «Славян базары» байқауы 1992 жылдан бері өткізіліп келеді. 2015 жылы Димаш Құдайберген, ал 2019 жылы – Әділхан Макин Қазақстан атынан қатысып, бас жүлде иеленген еді.

25 шілдеде тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл, кент, ауылдық округ және аудандық маңыздағы қала әкімдерінің сайлауы өтті. Сайлауда 730 елді мекеннің әкімі тұрғындардың тікелей дауыс беруі арқылы анықталған.

23 шілде күні Токио қаласында Жазғы Олимпиада ойындарының алауы тұтанды. Қазақстан атынан 97 спортшы спорттың 28 түрінен бақ сынады және жалпы сегіз қола медальмен еліміз 83-орынға табан тіреді.

26 тамызда Жамбыл облысының Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлім қоймасынан өрт шығып, жарылыс болды. Салдарынан қаза тапқан әскерилер мен құтқарушылар саны 13 адамға жетті және із-түзсіз жоғалып кеткендер бар. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 29 тамызды Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады.

10 қыркүйекте Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ауғанстанда тұратын қандастар елге оралды. Кабулдан Алматыға арнайы рейспен 35 қандасымыз, 4 Қазақстан азаматы және БҰҰ-ның 1 қызметкері жеткізілген.

1 қазан күні Біріккен Араб Әмірліктерінің Дубай қаласында «EXPO 2020 Dubai» дүниежүзілік көрмесі ашылды. Көрмедегі Қазақстан павильонының жалпы аумағы – 3400 шаршы метр. Павильон 4 аймақтан тұрады – киелі мекендер картасы, мәдени мұра, табиғи байлықтар және биосаналуандық.

Сонымен бірге, биыл елімізде 10 жылда бір рет өтетін Халық санағы ұйымдастырылды. Биылғы санақтың басты жаңалығы – санақтың дәстүрлі және онлайн форматта өтуі болды. 1 қыркүйек пен 15 қазан аралығында онлайн режимде өздігінен сауалнама парақтарын толтыру мүмкіндігі болады. 1-30 қазан күндері – Қазақстанда дәстүрлі форматтағы халық санағы өтті.

23 қарашада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Nur Otan» партиясының Төрағасы өкілеттігін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа тапсыратынын және «Nur Otan» партиясын ел Президенті басқарғаны маңызды екенін мәлімдеді. Бұған Елбасы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы лауазымын берген болатын.


Соңғы жаңалықтар