2021 жыл жақсылығымен жарылқасын: Зиялы қауымның жаңажылдық тілегі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жаңа жыл – жәй мереке емес. Жер бетіндегі жеті миллиардтан астам адам ертеңгі күннен жақсылықтар күтетін, балалар сиқырлы қыс иесінен сыйлық дәмететін ерекше күн.

Жаңа жылға бес – он минут қалғанда дүниежүзіндегі екі жүзден астам мемлекеттің Президенттері ел тұрғындарын құттықтап, келер жылға өз міндеттерін, қойған мақсаттарын айтып құттықтайтын. Бұл сан жылдар жалғасқан дәстүр. Әр елдің өз жоспары, өздері айқындаған бағдарламалары болатын.

Биылғы жылдың ережесі ерекше. Сол екі жүзден астам ел Президенттері айтар сөз бірдей болмақ.

«Кемедегінің жаны бір» деген ұлағатты өсиет жер шарының бар пендесіне ортақ екендігін көрдік. Дүниежүзін шарпыған коронавирус инфекциясының әрмен қарай таралуына жол бермеу әр ел Үкіметінің басты парызына айналды. Екі жүз Президенттің тілегі де, жұртына арнау сөзі де қауіпті пандемияны жеңу болмақ.

Жаңа жыл – жақсылықпен келсін.

Бұл тілектер жыл бойы айтылуда. Еліміздің сөз ұстар азаматтарының ақ ниетін оқиық. Зиялының зергер ойы – бәріміздің көкейіміздегі ортақ тілек.

Ұлықпан Сыдықов

Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымының докторы, профессор


Адам жасы ұлғайса да, рухы қартаймауы керек. Ол үздіксіз ізденістің нәтижесі. Қоғамның алға дамуына, мынадай ғаламдық дерттен арылуына - менің де тікелей жауапкершілігім орасан зор деген ой, сенімнен туындайды.

Сенім адастырмас компос. Наным бағдары.

Ашығын айтқанда, ел азаматтары өз мемлекетінде болашақ бар болса, даму үшін, жеке және кәсіби тұрғыдан өсу үшін мүмкіндіктер болса ғана сенім артады. Дәл қазіргі ғаламдық дерт мұны жалаңаштатып көрсетті.

Мемлекет пен азаматтың мақсаттары өзара сенім орнаған жағдайда ғана ұлттық рух асқақтап, болашаққа ұмтылған қадам қарқынды болмақ. Ендеше, Жаңа Жылда осы мақсатқа қызмет ету баршамыздың абыройлы борышымыз болуы тиіс деп санаймын.

Ұлттық рухты ояту, қалпына келтіру деген ескіні көксеу, консерватизм емес. Мысалға, Жапония ұлттық рухты берік сақтап қалғанның арқасында жаһандану көшінен қалмай, экономикасы, мәдениеті дамыған мықты мемлекет ретінде қалыптасып отыр. Хиросими мен Нагасакидегі атом бомбасының жарылысы жапондардың рухани жаңғыруына тың серпіліс берді. Ол оларға мына коронавирустен кем тимегені анық.

Бізде де заманның ағымына қарай белгілі бір жүйеге, логикаға, ұлттың негізгі мақсатына сәйкес ұлттық рухты жандандыру, ояту жұмыстарын жүргізу қажет.

Жаңа жылдың алғашқы он күндігін Парламент Мәжілісіне жаңа депутаттарды сайлаумен бастаймыз. Таңдауымыз дұрыс болса – дамуымыз жақсы болмақ.

Сеніммен келешекке сергек қадам басайық!


Оразәлі Сәбден

Академик, қоғам және мемлекет қайраткері


Жыл бойы дана Абайды дәріптедік. Ковид деген тажал да оған кедергі болмады.

Абай хәкім: «Пайда ойлама, ар ойла», - деп адамзатты ізгілікке шақырса, бұл XVI ғасырдан бастап «дүниенің көрінген сырын» ашып, танып-білуге ден қойған еуропалықтардың рухани сілкінісі үшін де аса маңызды болатын.

Тек баюды ойлап, материалистік, атеистік жолға түскен олар рухани әлемнен сол кезден бастап қол үзе бастаған. Бұл күні сол теріс ұстаныммен келгендердің рухани жан-дүниесі қатты дағдарысқа түсіп отыр. Қазір азғындап, рухани қасіретке ұрынуының себебі де осы. Дүние - әлемге коронавирус пандемиясының таралуында да үлкен құпия, сана түсінбес тылсым жатыр.

Бұл қасіреттен жердегі тірі пенделер қалайша құтыла алмақ. Құтылудың жолы «дүниенің көрінбеген сырын» танып-білуде жатыр деп ойлаймын. Оған қол жеткізу қиын. Өйткені, кейнгі бірнеше ғасырдан астам уақыт ішінде адамдардың дүниеге ашкөздігі, бар дүниетанымы таза материалистік таныммен қалыптасты. Оны бұзу – қиынның қиыны. Бүгінгі кенеттен келген коронавирус тектен – тек адамзат ұрпағының болашағына қауіп төндіріп отырған жоқ. Ойланатын, дүние қууды доғаратын кез келді. Бәрі өзімізге қатысты.

Руханият жоғарыдан жасалмайды. Менің ойым тек Үкіметке қарап отырмай, қолынан іс келетін, жағдайы бар азаматтар Қазақстанның кең байтақ даласында мөлдіреп жатқан рухани құндылықтарды жаңадан ашып, ізгілік жолына бастаса деймін. Келер 2021 жыл қазақ үшін нұр үстіне нұр жаудырар жақсылыққа толы болсын!


Несіпбек Айтұлы

Ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

Шығармашылығымның асыл арқауы ұлт рухының болмыс-бітімімен қабат өріліп, өлеңді кие тұтқан қара орман халықтың бөлінбес ырысы сынды қастерлі құбылысқа айналған. Бүткіл адамзаттың тұлғасына айналған әйгілі неміс ақыны, талантына әлем бас иген классик-жазушы, философ, ғалым және өз заманының ықпалды мемлекеттік қайраткері Йоганн Гётенің «Отанды отты жүрекпен сүю керек» деген. Қазір Германия әлемдегі алпауыт мемлекет. Кезінде айналасындағы жауларымен жыл он екі ай арпалысып тәуелсіздігін қорғап қалған. Ақын ақынды түсінеді. Мен қазақтың атақты батырларының барлығы туралы дастан жаздым. Гёте де ұлтты жаудан қорғаған неміс батырлары туралы көп жыр жазған. Ерлердің ерлігі жырлау – ұлтымыздың ұлылығын паш ету деген. Гетені зертеушілер мындай эпизодті еске алады. 1827 жылдың мамырында өткен арнайы жиында Гёте: «Адам баласының бойындағы ғаламат қуаныш пен ерекше бақыт шуағын – туған жерге сүйіспеншілік сезімінен көреміз дейді. Отанды сүю – оның суығына шыдап, ыстығына күю. Жер мен еліңді жаулаған басқыншының тозағына қарсы тұру, ерік – жігеріңді оятып дұшпаныңды қуып шығу, сол сәттегі азаттықтың пейіштегідей жәннәтіне бөлену. Шаттықтың шырқау шыңы - өз Отаныңның заңдары сені қорғайтынын көру. Адам үшін одан артық бақыт болмайды», - деп ойын түйген.

Бір жағы коронавирус халқымның мазасын алса, екіншіден кейбір балақ биттер жеріме көз алартып шабалаңдады. Сол кезде ақын жүрегі де шыдамады. Сондай тебіреністе туған өлеңімде – халқымның өресі биік екенін, дұшпанға да, пандемияға да қарсы тұрар жеңісті жігерін жырладым.

Жаңа жылға құтықтауым сол болсын. Оқыңыздар. Біз біргеміз – берекелі елім.

Біздер үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз,

Қорғамасақ несін ұл боп туғанбыз?!

Кіндігіміз тар қапаста кесіліп,

Ит көйлекті қанды жаспен жуғанбыз.

Біздің Отан өліп, қайта тірілген,

Біздің Байрақ құлап, қайта тігілген.

Опат болған ерлер рухы оянар,

Отан деген лебіз шықса тілімнен.

Отанменен аспандағы Күн егіз,

Екеуінің амандығын тілеңіз.

Жас азамат, бұл Отанның қадірін,

Бодандықта болған біздер білеміз!

Керек қылса жолында оның құрбанбыз,

Бәріне де белді бекем буғанбыз.

Кеудеңдегі жалғыз жүрек секілді,

Қазақ үшін Отан жалғыз, Ту жалғыз!

Сәуле ДОСЖАН

жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының иегері

2019- Тышқан жылы менің жылым еді. Мүшелге кірдім. Жыл өте жақсы басталған еді...

«Қасірет пен Тағдыр» романының екінші кітабын бастағам. Жарым жанымда, бала-шағам аман. Алдыма көктем шыға тағы да Семей өңірін шарлаймын ғой деген мақсат қойып жүргем.

Көктем шыға Әлемге тараған індет – Тәжтажал менің еліме бет алды. Өміріміздің астаң-кестеңін шығарды, өмірге көзқарасымызды өзгертті, адмдармен қарым-қатынасымызға тұсау салды. Бізге бірінші байлық – денсаулық екенін, бабаларымыз айтқандай басы аманның –малы түгел екенін ұқтырды. Экономикамыз шатқаяқтап, елдігімізге сын болды.

Жаздың ортасында ұлтымызға ардақтыларымыздан, ағайын-туыстарымыздан айрылып қан жыладық...

Қанша рухани жүдеп, жаным жаралы болсам да «Қасірет пен Тағдыр» романының екінші кітабы – «Үзілмеген үмітті» аяқтадым. Романның арасында «Ауылдан шыққан миллионер» атты хикаятты аяқтадым. «Тышқан жылғы дүрбелең» деген ертегілер топтамасы жазылды.

Тағы бір қуаныштысы – мемлекеттік тапсырыспен «Таңдамалы» жинағымның 1- томына поэзиямды енгізіп, «Фолиант» баспасынан кітабым шықты.

ҚР Президентінің Жарлығымен «Халық Алғысы» медалін және Қазақстан кітапханашылары альянсының «Халық құрметі»» медаліне ие болдым.

Міне, жыл соңына қарай Қазақстан Жазушылар Одағының жыл қорытындысында еңбектерім бағаланып, «Үлкен үйдегі үрей» мен «Қасірет пен Тағдыр» романдарыма «Халықаралық Алаш әдеби сыйлығы» беріліп, Алматы қаласының әкімі – Бақытжан Сағынтаевтың грантына ие болдым.

Міне, өткен жылға өкпем жоқ. Келе жатқан 2021 жыл жақсылық әкелсін деп тілеймін еліме де отбасыма да. Жамандықтың, ауырлықтың бәрі өткен жылмен кетсін. Жыл басында өтетін сайлау сабырмен өтсін. Ел аман болсын, ел ішінде біз аман болайық. Баяғы үлкендер айтқандай – Алла Патшаға сабыр берсін!

Қасымхан Бегманов,

ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Мынау тарих қойнауына сүңгіп бара жатқан 2020 жыл – әлем тарихында «карановирус» деген атпен таңбаланып қалды. Пандемия - барлық салаларға өз зиянын тигізді. Халықтың денсаулығын, қауіпсіздігін басты назарда ұстап «Үйде отыр», «Біз біргеміз», «Жақыныңа жанашыр бол» деп ұрандатып келеміз.

Бұл жылдың қазақ үшін ең басты жаңалығы – дарақылықтан арылтып жатыр. (Қазақтың қонақжайлылығы мен дарақылықты айыра білуіміз керек).

Екіншіден, өзіңе, өз басыңа керек құжаттары (кез келген анықтамаларды) алу үшін мемлекеттік мекемелерді жағаламай-ақ электронды кілтің арқылы үйіңде отырып алуды бүгінгі күн талабына орай жаппай үйрендік.

Бәрінен де бұрын – кеудемде отбасылық құндылықтар орала ма деген үміт бар. Әке-шеше қашықтан жұмыс істеу барысында үйлерінде отырып балаларына көп көңіл бөле бастады. Адам адамнан, бауыр бауырдан, әке-шеше бала-шағасынан жат болып бара жатқан мына заманда бұл індеттің келуі бір Алладан ба деген де ой келеді. Алла алда тек жақсылықтар жіберсін деп тілейміз.

Келер жыл тек жақсылықтарымен қуантсын деп тілеймін. Бас аман, ден сау болса әлі-ақ рухымыз көтеріледі. Біз қазір Ұлттық рухқа жақындап қалдық. Ұстаздарымыз айтатын Ұлттық рух бірнеше сатыдан тұрады. Ең төменгі сатысы – қарын қамы мен жылтырақ киімді ғана ойлай алатын сана. Одан кейін «кедей бай болсам, бай құдай болсам» деген сана. Қазір шамамен осы сатыда тұрмыз. Бірақ артта қалған тәуелсіздігіміздің 29 жылы мен осы жиырмасыншы жылды бөлек қосқанда рухымыз біраз сатыға көтерілді-ау деп шамалаймын. Ендігі көтерілер сатымыз – ұлт қамын ойлайтын ұлттық құндылықтарды қозғайтын, қоғамда сілкініс, нақты бетбұрыстар жасайтын уақыт келді. Тілегім де осы.

Махат Садық

Журналист, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

Жыл соңы жер планетасы тұрғындарының тағдырын таразы талқысына салуда. Әлемдегі 218 елінде 76 млн КВИ дертіне шалдықандар тіркелді. 1 млн 700 адам қайтыс болды. Бұл сырқаттанғандардың 2,2%.

Планетадағы осы елдерді толық аралап, әрқайсында үш күннен тоқтасаңыз, 800 тәулік керек екен. Яғни үш жылға созылатын уақыт.

Қаржысы шаш – етектен шашылып жатқан байлар коронавирус індетінен шаршап, пандемия тарамаған тұрғылықты жерді іздеп таппауды – соның дәлелі. Маска кимеген, бұрынғыдай ертегі заманға оралу асыл арманға айналды. Іздегеніңді табатын Гуглге жүгініп «Ковид – 19» жоқ жерді сұрап көрдік. Біз ғана емес, ондай жұмақты іздеушілер тым көп екен. Жалпы пандемия тіркелмеген деген он ел бар көрінеді. Оның сегізі Тыңық мұхиттағы аралдар. Жыл бұрын бүткіл әлеммен қарым – қатынасты толық тоқтатқан жабық қамалдар. Сосын Түркіменстан мен Солтүстік Корея. Байқағанымыздай барар жер, басар тау қалмаған.

Суығына шыдап, ыстығына күйсең – кіндік қаның тамған топырақтың қасиетті бойға қуат дарытпақ, пәле – жаманнан сақтамақ. Туған жердің түтіні дейміз. Сол түтін – жанға шипа, дертке дәру болсын.

Келе жатқан жыл құтты жыл болғай баршамызға! Өткеннің еншісінде қалғанның сабағын алып, игілігін ізгілікпен жүрек түкпіріне жасырып, тек алға жетелеген себептер жауған жыл болғай! Сәттілік серігімізге айналып, мол табыстарға кенелген жыл болғай!

БАР АУЫРТПАШЫЛЫҚ ОСЫ ЖЫЛДА ҚАЛЫП, ЖАҢА ЖЫЛДА ЖАҚСЫЛЫҚ БОЛСЫН!


Соңғы жаңалықтар