2020 жылы тегін емделуге бөлінетін қаржы көлемі ұлғаяды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Келер жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмекке мемлекет бюджетінен бөлінетін қаржы көлемі 16,6% артады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына сілтеме жасап.

«Үстіміздегі жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек көрсету мақсатында мемлекет тарапынан 970 млрд теңге бөлінеді. Ал 2020 жылы аталған бағытқа бөлінетін қаржы көлемі биылғыдан 16,6% артып, яғни 1 трлн 134 млрд теңгені құрайды. Кепілдендірілген медициналық көмекпен алдымен балалар, жүкті әйелдер, зейнеткерлер мен мүмкіндігі шектеулі жандар және тағы басқалар қамтылады. Ол дегеніміз жобамен 10 млн қазақстандық», - делінген аталмыш қордың Фейсбуктегі парақшасында.

Сонымен қатар, барлық азаматтар үшін жедел жәрдем, шұғыл көмек, амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, барлық емханалық көмек және сала мамандары, әлеуметтік осал топтарға арналған қымбат медициналық көмек, стационарлық, созылмалы және жұқпалы науқастарға көрсетілетін көмек қаржысы мемлекет бюджетінен қарастырылады.

Одан бөлек, тәулік бойы жұмыс істейтін станционарлық бөлімнің қабылдауы да кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакетіне кіреді.

Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі бойынша сақтандырылған азаматтар кеңейтілген кепілдемеге ие болатындығы айтылған.

«МӘМС жүйесі бойынша сақтандырылған азаматтар профилактикалық тексеру, жоспарлы станционарлық көмекті ұлғайту, медбике көмегі мен қымбат тұратын консультативтік-диагностикалық қызметті пайдалана алады», - делінген хабарламада.

Айта кетсек, бүгінде елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі кезең-кезеңімен енгізілуде, келер жылдан бастап аталған жүйе толығымен қолжетімді болады.

Соңғы жаңалықтар