2020 жылы Павлодар облысы ауылдарының 60 пайызы таза ауыз сумен қамтылады

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат - Өңірлерді дамыту бағдарламасы аясында 2016-2018 жылдары сумен қамту желілерін дамытуға 25,1 миллиард теңге бөлініп, 33 жоба жүзеге асырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат pavlodarnews.kz сілтеме жасап.

Облыс әкімі Болат Бақауовтың басшылығымен өткен аппараттық кеңесте есеп берген өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасының басшысы Қадылжан Сәтиев өңіріміздегі ауылдық елді мекендерді сумен қамтамасыз етуді дамыту жайымен таныстырды. 2016-2018 жылдары жалпы ұзындығы 555 шақырым су құбырлары салынды.

- Аталған жұмыс нәтижесінде ауылдық елді мекендердің орталықтандырылған су желісіне қосылу көрсеткіші 19,4-тен 29,7 пайызға артты, - деп хабарлады Қадылжан Сәтиев. - Осы бағыттағы 52 жобаны жүзеге асыру мақсатында 2019 жылы 13 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 10,4 миллиард теңге - республикалық бюджеттен, қалған 2,6 миллиард теңгесі - облыстық бюджеттен бөлінді.

Қадылжан Сәтиев айтып өткендей, жыл соңына дейін 39 жоба аяқталады, нәтижесінде сапалы ауыз суға қол жеткізген ауыл тұрғындарының саны 35 мың адамға арттырып, су құбырларына қосылған ауылдардың үлес салмағын 39,9 пайызға жетеді. Бүгінгі таңда облыс көлемінде 105 ауылдық елді мекен орталықтандырлынған су құбырларына қосылған. Сапалы ауыз суға қолы жеткен ауыл халқының саны 135 мыңға жетіп отыр. Бұл - өңірімізде тұратын ауылдықтардың 65 пайызы. Орталықтандырылған желілерден су алатын ауылдықтардың сандық көрсеткіштері бойынша Тереңкөл ауданы алдынғы орында. Аталған ауданда тұрғындардың 82,3 пайызы сапалы ауыз суға қолы жеткізген. Үздік үштікке 76,8 пайыз көрсеткішімен Железин және 74,7 пайыз көрсеткішімен Ертіс ауданы енді.

Өңір басшысы Болат Бақауов құбырлардың іске қосылғанынан кейін олардың кімге тиесілі болғанын, қалай пайдаланылып жатқанын және судың қандай тарифтер бойынша сатылатынын жіті назарда ұстау қажеттілігіне ерекше тоқталды.

- Кейбір ауылдарда 2017 жылы іске қосылған су құбырларының небары 70 пайызы үйлерге жеткізілді, - деді Болат Бақауов. - Әкімдер құрылыс жұмыстарының толық аяқталғанын күтіп, бір жылдан соң ғана үйлерді құбырларға қосады. Адамдарға су керек болса, құрылыс жұмыстарымен қатар оны үйлерге де жеткізуге болады емес пе.

Болат Бақауов мысал ретінде Ақтоғай ауданын атады. Онда екінші кезең бойынша 1121 ауланың небары 232-сі орталықтандырылған су жүйесіне қосылған.

- Қараоба ауылында бірде-бір нысан су желілеріне қосылмаған, - деді Болат Бақауов. - Успен ауданында Константиновкада 662 миллион теңгелік жұмыстар атқарылды. Бүгінде 325 ауланың 201-і ғана құбырға қосылған. Бұл 62 пайыз. Аққулы ауданы Ямышево ауылында бұл көрсеткіш 55 пайыз. Сонда сіздерге су керек емес пе?!

Соңғы жаңалықтар