2020 жылы онлайн бақылау-касса машиналары жаппай пайдаланылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда онлайн бақылау-касса машиналарын барлық жерде пайдаланудың мерзімі 2020 жылға белгіленіп отыр. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында бизнесті дамытуғ арналған заң жобасын талқылау кезінде Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысының инвестициялық тартымдылықты арттыру жөніндегі тапсырмасын іске асыру мақсатында «Астана - жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының қатысушылары арасында өнімді өткізу кезінде айналымдарды ҚҚС-тан босату ұсынылады. Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақ аумағында тауарларды өткізу кезінде ҚҚС-тың нөлдік мөлшерлемесін қолдануды таңдау құқығы беріледі. Салықтық әкімшілендіру аясында «Виртуалды қойма» модулі және «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі енгізілуде. Мұнымен қоса, онлайн бақылау-касса машиналарын барлық жерде пайдаланудың мерзімін 2024 жылдан 2020 жылға ауыстыру көзделеді», - деді Тимур Сүлейменов.

Электрондық сауданы дамыту үшін: декларация ретінде пошта құжаттарын пайдалану арқылы кедендік декларациялауды оңайлатуға; электрондық коммерция ұғымын енгізуге және электрондық сауда субъектілерінің аражігін ажыратуға; көліктік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуға;  тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың ашық және тиімді жүйесін енгізуге  бағытталған түзетулер топтамасы көзделеді.

Заң жобасы аясында тауар биржаларын жетілдіру бойынша нормалар да қарастырылып отыр. Нарықтық баға, таза бәсекелестік және бизнес субъектілерінің сауда биржасына еркін қол жеткізуі есебінен қалыптастырылған баға ұғымы енгізілді. Тиімсіз делдалдар мен дилерлерді лицензиялау институты болмайды.  Бұл ретте биржаларда аккредитациялау институтын сақтау және кәсіптік өзін өзі реттеу есебінен бизнес-қоғамдастықтың өзінің жауапкершілігі күшейеді.

«Заң жобасында агроөнеркәсіп секторындағы сауда-саттық мәселелеріне көңіл бөлінген. Отандық өндірушілердің сауда-саттық желілеріне қол жеткізуін жақсарту мақсатында заң жобасында әлеуметтік маңызы бар тауарларды сатуға ретро-бонустар белгілеуге тыйым салулар көзделген. Тұрақтандыру қорларының қызметіне көбірек икемділік енгізу бойынша нормалар енгізіледі», -деді министр.

Азық-түлік тауарларын сақтау, сұрыптау, сату мен жеткізудің заманауи инфрақұрылымын құру үшін де құқықтық негіздемелер қарастырылып отыр. Сондай-ақ көлеңкелі экономиканы қысқарту және контрафактілі өніммен күрес мақсатында заң жобасында тауарларды таңбалау мен бақылап отыру жөніндегі нормалар көзделген.

Талқылаудан кейін палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бизнес-ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобасында 38 заңнамалық актіге шамамен 300 түзету көзделуде және ол жалпы алғанда 2 блоктан тұрады.  Бірінші блок «Doing business» халықаралық рейтингінде Қазақстанның  позициясын одан әрі жақсартуға бағытталған. Екінші блок электрондық және биржалық сауданы, агроөнеркәсіптік кешендегі ішкі сауданы реттеуді жетілдіруді, сондай-ақ сыртқы сауда қызметін реттеу мәселелерінде ұлттық заңнаманы үндестіруді көздейді.

Соңғы жаңалықтар