2020 жылы облигациялар қандай көлемде болады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – 2020 жылы Ұлттық банк Қаржы министрлігімен мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын сапалы дамыту бойынша өзара іс-қимылды жалғастырады. Бұл туралы Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаржы министрлігімен мемлекеттік бағалы қағаздар нарығын сапалы дамыту, оның өтімділігін арттыру, Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарын дамушы елдердің халықаралық индекстеріне қосу бойынша белсенді өзара іс-қимыл жалғасады. Бұл өз кезегінде сыртқы инвесторлар тарапынан мемлекеттік бағалы қағаздарға сұранысты арттырады. Ұлттық Банк 1 жылға дейінгі қысқа мерзімді ноттарды шығаруды, ал Қаржы министрлігі – орта және ұзақ мерзімді облигацияларды ұсынуды қамтамасыз етеді», - деді Е. Досаев.

Оның сөзіне қарағанда, Қаржы министрлігіне портфельдік инвесторларды кеңінен тарту үшін облигациялардың үлесін 2 жылдан 5 жылға дейін арттыру ұсынылады. Инвестициялық капиталды тарту талаптарын жақсарту үшін Ұлттық Банк Қаржылық реттеу агенттігімен бірлесіп қаржы құралдарының нарығын дамыту жұмысын күшейтеді.

Таратылған мәліметке қарағанда, 2020 жылға Қаржы министрлігі 2 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге 435 млрд теңге көлемінде және 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге 1234 млрд теңге көлемінде облигация шығаруды жоспарлап отыр.


Соңғы жаңалықтар