2020 жылы металлургия саласындағы өндіріс көлемі 2,6% артты - министрлік

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің барлық бағыттары бойынша өсім байқалады. Металлургияда өндіріс көлемі 2,6% - ға артты.

Бұл мәліметтерді ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мысалы, түсті металлургияда өндіріс көлемі 2,8% - ға өсті. Қазақстандағы ең ірі мыс өндіруші «Қазақмыс корпорациясы» тазартылған мыс өндіру көлемін 5% - ға, құйма алтынды 35% - ға, сондай-ақ түйіршікті күмісті 17% - ға ұлғайтты.

Сонымен қатар, «Қазақстан электролиз зауыты» бастапқы алюминий өндірісінің көлемін ұлғайтты. «Тау-Кен Алтын» кәсіпорны да оң көрсеткіштерге қол жеткізді. Өндіріс ошағы тазартылған алтын өндіру көлемін 4% - ға, күміс өндіру көлемін 46,7% - ға ұлғайтты.

«Естеріңізге сала кетейік, кәсіпорын өз өнімдерінің жоғары сапасын тағы бір мәрте дәлелдеп, сенімді жеткізуші ретінде әлемдік мойындауға ие болды. Тазалығы 99,99% - дан кем емес алтын өндіретін аффинаж зауыты Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығының «GoodDelivery» сертификатын алды. Осы сертификаты бар бағалы металдар шектеусіз барлық әлемдік биржаларда саудаға қабылданады»,-делінген хабарламада.

12 айдың қорытындысы бойынша қара металлургияда өсім 4,1% - ды құрады. Қостанайдағы «Евраз Каспиан Сталь» зауыты арматуралық жайма өндірісінің көлемін 7% - ға ұлғайтты. Арматуралық жайма мемлекеттік стандарттарға сәйкес шығарылады. Өнімнің сапасы зауыттың сынақ зертханасында жаңа технологиялық жабдықтармен және бақылаумен қамтамасыз етіледі.

Сондай-ақ, «Тараз металлургия зауыты» ферросиликомарганец өндірісінің көлемін 27% - ға, «Кастинг» ЖШС арматураларды, шарларды және домалақ шыбықтарды тауарлық шығаруды 4,2% - ға ұлғайтты.


Соңғы жаңалықтар