2020 жылы Қазақстанның барлық әуежайында жолақтар жаңғыртылады

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2020 жылы Қазақстанның барлық өңіріндегі әуежайларда жолақтар жаңғыртылады. Бұл туралы бүгін ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Роман Скляр айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Министрліктің кеңейтілген алқа мәжілісінде баяндама жасаған ол 2018 жылы Семей қаласы әуежайының аэровокзалы мен ұшып-қону жолағын жаңғырту жұмыстары аяқталғанын айтты. Сондай-ақ Петропавл әуежайында ұшақ тұрағының орнын көбейту үшін перроны кеңейтілгенін еске салды.

«Қостанай қаласы әуежайының ұшып-қону жолағын жаңғырту жұмысы басталды. Ол ағымдағы жылы аяқталады. Сонымен қатар биыл Өскемен мен Орал қалаларының әуежайларын жаңғырту басталады. 2020 жылға дейін еліміздегі барлық әуежайлардың ұшып-қону жолағын жаңғыртуды аяқтау жоспарлануда», - деді Р.Скляр.

Сонымен қатар ол облыс әкімдерімен жергілікті әуе желілерін қалпына келтіру үшін басымдығы бар елді мекендерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатқанын атап өтті.

«Қазіргі уақытта Үржар, Зайсан және Үшарал жергілікті әуе желілерінің аэродромдары жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы аэродромның ұшып-қону жолағына қатты жабынды төсеу жұмыстары жүргізіліп жатыр», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар