2020 жылы Қарағандыда қандай жаңа нысандар салынады

None
None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Жеңіс Қасымбек Қарағандыда салынып жатқан әлеуметтік нысандарды тексерді. Бүгінгі күні қалада оқушылар сарайы, үлкен және үстел теннисі орталықтары мен қазақ мектебінің құрылысы белсенді қарқынмен жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жоспар бойынша Қарағандыда қыркүйек айына қарай жаңа мектеп ашылуы тиіс. Жаңа 1200 орындық оқу орны Оңтүстік-Шығыстағы 30-шы шағынауданда салынуда. Құрылыс нысанында қазірдің өзінде қабырға тұрғызылып, шатыр жабылған, енді жұмысшылар сыртқы қасбетті қаптауға және ішкі әрлеу жұмыстарына кірісті.

Жаңа мектеп қазақ тілінде оқытады. Мұнда жақын маңдағы оқу орындарынан оқушылар мен педагогтар көшіріледі. Бұл мектеп тапшылығы мәселесін шешуге көмектеседі.

Биыл Қарағанды мен Жезқазған қалаларында екі мектеп пайдалануға беріледі. Алдағы жылдары өңірде тағы алты білім ордасы салынбақ.

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Оңтүстік-Шығыстағы жаңа балалар мен жасөспірімдер сарайының құрылыс алаңында болып қайтты. Бұл ғимарат 2019 жылдың көктемінде тұрғызыла бастады. Сыртқы қабырғалар, бөлме аралық жабындар мен шатырлардың бір бөлігі дайын. Қазір мердігер коммуникация жүргізуде.

Оқушылар сарайында үйірмелер мен секциялар жұмыс істейді. Цокольдық қабатта спорт залдары, би сыныптары мен йога және гимнастикаға арналған залдар жабдықталады. Жоғарғы қабаттарда робототехникамен, бағдарламалаумен айналысуға арналған кабинеттер орналасады.

«Келесі оқу жылынан бастап балалар жаңа ғимаратта сүйікті ісімен айналысуы тиіс. Жаздың соңына қарай барлық құрылыс жұмыстарын аяқтау қажет. Кейін қала әкімдігі аумақты абаттандырумен айналысады. Мердігер ретінде сіздердің басты міндет – нысанды 2020-2021 оқу жылының басына дейін қолданысқа беру», - деп тапсырды Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы салынып жатқан үстел және үлкен теннисі орталықтарына да барды.

Үстел теннисіне арналған жабық корт «Панель-орталық» шағынауданында тұрғызылады. Оны осы жылдың күзінде аяқтау жоспарланып отыр. Мұнда іргетас дайын, жақын арада қабырғалар көтеріледі.

Ал үлкен теннис орталығының құрылысы аяқталуға жақын. Ол осы жазда пайдалануға беріледі. Қазір мұнда коммуникациялар жүргізілуде. Содан кейін жылыту жүйесі орнатылып, ғимараттың іші қажетті температураға дейін жылытылған бетте ішкі әрлеу жұмыстары басталады.

Жеңіс Қасымбек барлық нысандардың құрылысын мерзімінде аяқтауды және жұмыс сапасын қадағалауды тапсырды.


Соңғы жаңалықтар