2020 жылға қарай уранды байытуда еліміздің әлемдік нарықтағы үлесі 7 пайызды құрауы мүмкін - Еуразиялық энергетикалық форум

None
None
АНА. Қыркүйектің 24-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бірнеше күннен бергі  елордадағы Тәуелсіздік сарайында еліміздің мұнай-газ саласының 110 жылдығы аясында «энергетика апталығы» өтіп, аталған алқалы басқосу бүгінгі IV Еуразиялық энергетикалық форумға ұласты.

Осы аталған форумның бірінші күнінде энергетика саласындағы түйткілді мәселелер талқыланып, жиында еліміздің осы саладағы инфрақұрылым нысандарын дамыту, мұнай мен химия,  атом электр энергетикасы және электр қуатын үнемдеудің жаңа технологиялары,сондай-ақ қазақстандық мөлшерді арттыру, жас мамандарды даярлау, инвестициялық жобаларды қаржыландыру мен тағы басқа осы саладағы көкейкесті мәселелер назардан тыс қалмады.


     Осы орайда еліміздің бүгінгі энергетикалық ахуалы жөнінде баяндама жасаған Энергетика және минералдық ресурстар министрі Сауат Мыңбаев Каспий құбыр желісі консорциумын кеңейту мәселесі жыл соңына дейін келісілетінін айтып өтті. Оның сөзіне қарағанда, Каспий құбыр желісі консорциумын жылына 67 миллион тоннаға дейін, оның ішінде қазақстандық мұнай үшін 50 миллион тоннаға дейін кеңейту қарастырылуда. Жалпы  Каспий құбыр желісі  консорциумының акционерлерінің 100 пайызы  жобаны кеңейтуді қолдап отырған көрінеді. Сонымен қатар, жобаны нығайту бойынша 2,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын  жоба әзірленіп, оны жүзеге асырудың тиісті ұстанымдары қамтылған меморандумға қол қойылған. Атап айтқанда, енді жобалық құжатнама дайындау жүргізіліп жатыр екен,  жақын арада құбыр желісін кеңейту бойынша кейбір мәселелер шешілгеннен кейін биылғы жылдың соңына дейін бұл жоба бекітілмек.

«2009 жылы мұнай өндіру 75 миллион тонна деңгейінде болады деп күтілуде. Осы көрсеткіш  2008 жылға қарағанда 6,2 пайызға жоғары. Бұл өз кезегінде әлемдегі мұнай өндіру көлемінің 1,8 пайызына жетіп отыр», - деді министр.

Алқалы жиында биылғы жылдың қазан айынан бастап еліміздің батыс өңірінен құбыр желісі арқылы Қытайға мұнай тасымалдана бастайныны мәлім болды. Белгілі болғанындай, Кеңқияқ-Құмкөл құбырының құрылысы аяқталған екен. Енді  бұл құбыр желісімен  мұнай тасымалдана бастайды. Бірінші кезеңде ондағы мұнай өткізу қуаты 10 млн. тоннаны құрайды. Бұл атаулы кезең, себебі Қазақстан еліміздің батыс өңірінің мұнайын Қытайға тасымалдайтын құбыр желісінің инфрақұрылымына иемденіп отыр.

Сонымен қатар енді Кеңқияқ-Құмкөл құбырын іске қосу арқылы еліміздің мұнай өнімдері зауыттары отандық мұнаймен 100 пайыз қамтамасыз етудің техникалық мүмкіндігіне ие болды. С. Мыңбаев осы орайда еліміз ресейлік мұнайдан да бас тартпайтынын  айтып өтті. «Кедендік одақтың қалыптасуынан біздің экономикаларымыздағы өзара байланыстарды байқайтын боламыз. Соның ішінде энергетика саласы да бар», деді министр.

Форумда  көтерілген келелі мәселелердің ішінде 2013-2014 жылдары еліміздің ішкі нарығы мұнай өнімдерімен толық қамтамасыз етілетіні шынымен көңіл қуантарлықтай болды.  Айта кетейік, бүгінде еліміз шикі мұнаймен қатар мұнай өнімдерін де импорттап отыр. Мәселен, авиакеросиннің импорттық тасымалы пайдалану көлемінің 33 пайызын құрайды. Жоғары октанды бензин бойынша тасымал 40 пайызға жетіп отыр. Бұл біздің мұнай өңдеу зауыттарының қуаты мен технологиялық деңгейінің жетіспеушілігіне байланысты деп бағаласақ та болады. Осыған сәйкес биылғы жылы еліміздің  мұнай өңдеу  зауытын  4 млрд. АҚШ доллары көлеміндегі қаржыға жетілдіруге қатысты кешенді бағдарлама қабылданды. Оны жүзеге асыру нәтижесінде 2013-2014 жылдары ішкі нарық мотор майларынан өзге мұнай өнімдерінің барлық түрлерімен 100 пайызға қамтамасыз етеледі. 

     Мұнымен қоса еліміздегі мұнай саласында атқарылып жатқан кешенді бір мәселеге тоқталып өткен С. Мыңбаев,  бірінші кезеңнің өзінде транскаспийлік жүйенің қуаттылығы жылына 27 миллион тонна мұнайды құрайтынын жеткізді. Бүгінде  «Баку-Тбилиси-Жейһан» құбырына шығатын қазақстандық-каспийлік тасымалдау жүйесінің бағыты қарастырылуда. Бұл әлеуетті маршрут екі бөліктен тұрады. Олар Қашаған кен орынын, Теңіз және Құрық портын қосатын «Ескене-Құрық» құбыры, сондай-ақ  Құрық портынан Баку-Тбилиси-Жейһанға дейінгі транскаспийлік жүйе. Алайда, Бакуге дейін басқа да бағыттар болуы мүмкін. Бұл - танкерлік тасымалдаулар.

«Бірінші бөлік бойынша Қашаған консорциумымен және «Теңізшевройл» компаниясымен келіссөздерді жалғастырудамыз. Ал маршруттың екінші бөлігі бойынша әзірбайжандық тараппен ары қарайғы келіссөздер бар. Оған 2007 жылы біздің елбасылардың қол қойған келісімі  негіз болмақ»,-деді С. Мыңбаев.


     Қазіргі таңда энергетиканың бір тармағы газ саласында да Қазақстан үшін басты басымдық ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету өзінше жеке бағыттың бірі. Алайда осы мәселеге байланысты инфрақұрылымдық шектеу бар. Тарихи ахуалға қарасақ, біздің газдың инфрақұрылымы транзитке негізделген. Атап айтқанда, Орта Азиялық газға.Министр тоқталып өткендей бұл тасымалдаушы құбырларда газдың көлемі жылына 100 млрд. текшеметрге жуық.

Жалпы еліміздің 14 облысының 9-ы жарым-жартылай ғана газбен қамтамасыз  етілген. Бүкіл оңтүстік өңір «Ташкент-Бішкек-Алматы» құбыры бойынша өзбекстандық газға негізделген. Газды тұтыну көлемі артатын кезеңде еліміздің аталған өңірлерінде мәселелер туындауы мүмкін. Осы орайда бүгінде қолға алынып отырған Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ» газ құбыры жобасы оңтүстік өңірлер үшін аса маңызды жоба екенін ескеріп өткеніміз жөн.

     Форум кезінде Энергетика және минералдық ресурстар ведомствосы басшысының сөзінен белгілі болғанындай көмірден электр энергиясын өндіру үлесі 2020 жылға қарай 10 пайызға төмендемек.  Атап айтқанда, қазіргі құрылымда көмір стансаларында өндірілген электр энергиясы басым бөлікті, яғни, 85 пайызын қамтып отыр. Қалған 9 және 5 пайызы бұл гидро, газ турбиналық стансаларында өндіріледі.     Дегенмен де көмір негізгі отын түрі болып қала беретініне тоқталған ол «Біз түсінеміз, қоршаған ортаға ауыртпалық артуда. Осыған байланысты Киотта хаттамасы бойынша шектеу бар. Алайда, электр энергиясын өндіру құрылымын түбегейлі ауыстыру оңай емес», деді.

   Жиында аталып көрсетілгендей, электр энергетикасы секторының инвестициясын ынталандыру үшін энергия көздері тобы бойынша 2015 жылға дейін электр энергиясының бағасын сатылап көтерудің бағдарламасы қабылданды. С. Мыңбаевтың айтуынша, бұл шаралар қазірдің өзінде, яғни биылғы дағдарыстық жылда стансы иелерімен 67 млрд. теңге көлемінде жеке инвестиция салуға 36  инвестициялық келісім жасауға мүмкіндік берді.

    Сонымен қатар бүгінде энергия қуаттылғын арттыру бағытында әлемнің басты назарында тұрған ядролық энергетика. Осы орайда министр Қазақстан әлемдік ядролық нарықта  негізгі ойыншылардың бірі бола алады және оған толық негіз бар екенін қадап айтты.  «Қазіргі кезде  ядролық энергетика әлемдік баланста өзінің үлесін арттыруға қабілетті  және осы арқылы адамзаттың энергияға деген қажеттілігінің өсімін қамтамасыз ете алатын тұрғыда бірыңғай сипатқа ие. Болжам бойынша, 2050 жылы энергетикалық ядролық реакторлардың паркі үш есеге жуық шамада артатын болады. Осы орайда, Қазақстан жаһандық үрдістен тыс қалмайды. Табиғи уранның елеулі қорына және ядролық отын өндірісі компоненттерін  иемдене отырып, Қазақстан әлемдік ядролық нарықта әлеуетті түрде негізгі ойыншылардың бірі бола алады»,-деді ведомство басшысы.

        Еліміз табиғи уранның қоры бойынша дүниежүзінде екінші мемлекет екенін ескеріп өткен министр, жоспар бойынша  Қазақстан аумағында 2020 жылға дейін кем дегенде бір атом энергиясы стансысын іске қосу қарастырылып отырғандығын бүкпей айтты.

       «Атом саласында Қазақстан әлемнің алдыңғы қатарлы компанияларымен 2020 жылға қарай жалпыәлемдік конверсиялық қуаттардың 16 пайызын алуға ниетті, уранды байытуда еліміздің үлесі 7 пайызды құрауы мүмкін. Сонымен қатар отын таблеткаларын дайындауда Қазақстанның үлесі  елеулі түрде, яғни 13 пайызға дейін өседі», - деді Сауат Мыңбаев.

 

Соңғы жаңалықтар