2020 жылға қарай «Көкжайлау» шипажайының құрылысы басталмақ

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - "Көкжайлау" шипажайы құрылысының жұмысы 2020 жылға жоспарланған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Almaty Mountain Resorts компаниясының өкілдері шипажай құрылысының тұжырымдамасы өзгергенін мəлімдеді.

"2014 жылғы ескі жоба шетелдік қонақтарға арналып жасалған болатын. Сəн-салтанаты жарасқан "luxury" статусына лайық қызмет ететін. Ал жаңа тұжырымдама өз тұрғындарымызға арналған. Шипажайға келушілердің 60 пайызы - алматылықтар, 20 пайызы - Қазақстанның басқа аймақтарынан. Сондай-ақ 20%-дық үлесті шетелдік қонақтарға береміз. Бұл цифрлар əзірге нақтыланған жоқ, əлі де өзгерістер енгіземіз", - деді Almaty Mountain Resorts компаниясының директоры Наиль Нуров.

2020 жылға қарай басталатын шипажайы құрылысын 2 жылдың ішінде аяқтау жоспарлануда.

"Көкжайлауды  Құмбел жəне Долина деп екі аймаққа бөліп қарастырамыз. Долинада барлық маусымға қолайлы етіп жасалған қызмет түрлері болады.

Мұнда қонақ үй, 200 орындық мейрамхана жəне шаңғы мектебі салынады. Ал Құмбел тау шаңғысымен белгілі табиғи демалыс аймағы. Шипажай аумағына жаяужүргінші мен велосипедке арналған арналған жолдар жасалады. Сондай-ақ, жасанды өзенді пайдалануға жаратамыз. Құрылыс алаңы бұрынғысынан 10 есеге қысқарады. Жолдың көлемі 64 км-ден 24-ке дейін кішірейтілді. Қазіргі жалпы аумағы - 22 км. Екі гондоль, үш кресель, бес траволатор жолдары болады", - деді Наиль Нуров.

Жоба Алматының өркендеуі мен қала тұрғындарының салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасау үшін жүзеге аспақ.

"Көкжайлауды" жастарға арналған іс-шараларды өткізілетін орын ретінде қарастырғымыз келеді. Сонда ол трендтегі шипажай болар еді", - деп сөзін қорытындылады Наиль Нуров.

Бас жобалаушылардың айтуынша, құрылыс жұмыстарына француз, австрия мамандары жұмылдырылған. Сонымен қатар, бұған кететін шығын 200 млн доллардан аспайтынын атап өтті.

Арайлым Жолдасбаева

Соңғы жаңалықтар