2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда - ҚР БҒМ вице-министрі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда.

Бұл туралы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Педагогикалық білімді жетілдіру және орта білім берудің мазмұнын жаңарту» тақырыбында өткен мәжіліс барысында ҚР БҒМ вице-министрі Тахир Балықбаев айтты.

«Елбасы қойған мақсатты жүзеге асыру үшін Ұлттық білім берудің барлық буынының сапасын жақсартуда біз ауқымды жұмыс атқаруымыз керек. 2020 жылға қарай Қазақстандағы 3-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі біліммен 100 пайыз қамту жоспарлануда. Сондықтан оларға заманауи бағдарламалар мен оқыту әдістемелерін, білікті мамандар ұсыну маңызды болып отыр», - деді вице-министр Тахир Балықбаев.

Оның айтуынша, Білім және ғылым министрлігі тарапынан қойылған тапсырмаларды орындау үшін ұлттық білім берудің барлық деңгейлерінде сапаны жақсарту жөніндегі 3 жылдық іс-шаралар жоспары бекітілген. Педагог кадрларды дайындаудағы өзекті мәселелердің бірқатарына тоқталған вице-министр жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменттері, ЖОО ректорларына және білім басқармасы басшыларына педагог кадрлардың қажеттілігі туралы болжам жасауды тапсырып, осы тізбе бойынша кадр дайындау қажеттілігі анықталатын болады деп атап өтті. Вице-министрдің айтуынша, ол ең алдымен маман тапшылығының алдын алуға ықпал етпек.

«Таяудағы 2-3 жылда дуальдік, техникалық және кәсіптік білім берудің ұлттық жүйесінің негізін қалыптастыру керек. Келешекте жастардың техникалық білім алуын мемлекеттік кепілдендіруге көшіруді қарастыру қажет», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар