2020 жылға дейін барлық өңірде 1-санаттағы автожолдар болады - Жолдау

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Республикалық маңызы бар инфрақұрылым қалыптасты. Ендігі кезек - өңірлерде. Халыққа арналған биылғы Жолдауын жариялау кезінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның айтуынша, қазіргі қалалардың инфрақұрылымдары кәсіпорындар мен халықтың тез өсіп жатқан қажеттілігіне үлгермей жатыр.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша соңғы жылдары республикалық маңызы бар инфрақұрылымды қалыптастырдық. 2015 жылдан бастап үш жылда республика бойынша 2 400 шақырым автожол салынды және жөндеуден өткізілді. Бұл жұмыстар жалғасады, 2020 жылға дейін қосымша 4 600 шақырым жол салынады және жөнделеді. Осылайша, тұтас ел бірінші санаттағы автокөлік жолы желісімен қамтылады. Дәл осы қадам халықты жақындастырады, бизнестің дамуына, өз тауарларын сатуға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Президент.

Елбасының айтуынша, енді өңірлік, қалалық инфрақұрылымдарды дамыту керек.

«Бұл үшін биыл қаржыландыруды жергілікті маңызы бар жолдарға - 150 млрд тенгеге дейін, ауылдарды сумен қамтуға 100 млрд теңгеге дейін ұлғайту керек. Облыс ішіндегі аудандар арасында жолдардың сапасы нашар. Барлық жерге автобан салу міндет емес, қазіргі жолдарды жүруге болатындай қалпына келтіру керек», - деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен бірге, Президент халықты толғандырып жүрген өзекті мәселелерге басымдық беруді тапсырды.

«Бөлінген қаражат арқылы әкімдер ең алдымен, өңірлердегі күйіп тұрған мәселелерді шешуі керек. Үкімет те бұл міндетке жүйелі қарап, өзекті инфрақұрылымдық мәселелерді жинап, жобаларды қарастырып, қаржыландыру тетігін әзірлеуі қажет. Ауызсу, тұрғын-үй коммуналдық мәселелер, жол - ауыл адамдарын толғандыратын мәселелер осы», - деді Назарбаев.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың биылғы Жолдауы әдеттегідей, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының өзекті мәселелеріне және қазақстандықтардың әл-ауқатын одан әрі арттыру міндеттеріне арналған. 

Соңғы жаңалықтар