2020 жылдан медицина түлектерін аймақтарға бөлу автоматтандырылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанда 2020 жылдан бастап медициналық ЖОО түлектерін аймақтарға бөлу автоматтандырылады. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық білім мен ғылымды жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізді. Мәселен, 2019 жылдан бастап медициналық ЖОО магистратура мен бакалавриат бағдарламасына түсу тәртібі бірдей.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдарының магистратурасына қабылдау кешенді тестілеу нәтижелері бойынша конкурстық негізде жүргізілді. Сондай-ақ, биылдан бастап «денсаулық сақтау және әлеуметтік қамтамасыз ету (медицина)» білім беру саласы бойынша медициналық ЖОО-ларға докторантураға түсушілер білім беру ұйымына 1 ақпан мен 31 мамыр аралығында қабылдау емтихандарының басталуына дейін өткізілген алдын ала іріктеу нәтижелерін ұсынды. Бұл көп өтініштің ішінен ғылыми және практикалық потенциалы бар жұмысты таңдап алуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, бүгінде медициналық мамандық бойынша білім алған түлектердің міндетті тәуелсіз бағасы заң жүзінде бекітілген. Яғни, енді медициналық ЖОО-лар тек медициналық білім берумен айналысатын болады, ал тестілеу тәуелсіз ұйымда өтеді. Білім мен дағдыларды бағалау нәтижелері бойынша білім алушыларға диплом және маман сертификаты беріледі.

«Биылдан бастап түлектер аймақтарға ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы азаматтарды бөлу жөніндегі республикалық комиссия деңгейінде жартылай автоматты режімде бөлінеді. Бұл ауыл мен қала арасындағы кадр теңсіздігін төмендетеді және жас мамандарды тарту мен жұмысқа орналастыруда әкімдіктердің жауапкершілігіне жүктейді. Министрлік 2020 жылдан бастап бұл функцияны толығымен автоматтандыруды және цифрландыруды жоспарлап отыр. Бұл 2030 жылға дейінгі нақты қажеттілік бойынша кадр дайындау мен жұмысқа орналастыруды тиімді жоспарлауға көмектеседі», - делінген министрлік мәліметінде.



Соңғы жаңалықтар