2020 жылдан бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы жергілікті бюджеттерге беріледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Парламент Мәжілісінде «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң жобасы Бюджет кодексінің 45-бабына сәйкес, ағымдағы жылы 2017-2019 жылдарға арналған трансферттер туралы заңның қолданысы аяқталуына байланысты әзірленді. Жалпы сипаттағы трансферттер өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілуін теңестіруге және өңірлік экономиканы дамытуға жергілікті атқарушы органдардың ынтасын арттыруға бағытталған. Трансферттердің көлемі Әдістемеге сәйкес есептелді», - деді ҚР Ұлттық экономика вице-министрі Мәди Такиев.

Осы орайда ол 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді есептеудің ерекшеліктеріне тоқталды.

«Біріншіден, жергілікті атқарушы органдарды шағын және орта бизнесті дамытуға ынталандыру. Ол үшін шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығын 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге беру қарастырылды (2020 жылы 403 млрд теңге). Екіншіден, өңірлердің ерекшеліктерін ескеру. Ол үшін жаңа коэффиценттер енгізілді. Бұл мектептер шағын жинақтылығы, ауыл шаруашылығының әлеуетті өнімдерінің көлемі, аумақ ауданы, тұрғын үй саны, өңірдің жалпы өңірлік өнімінде шағын және орта бизнестің үлесі», - деді вице-министр.

Мұнымен қоса ол жергілікті кірістердің өсу әлеуетіне тоқтала келе, даму бюджетіне екі жаңа компонент енгізілгенін атап өтті.

«Жергілікті бюджеттердің кірістері өскен жағдайда, даму бюджеті ұлғаяды. Үшжылдық кезеңде жалпы өңірлік өнімнің өсуі жылдамдаған жағдайда субвенциялы өңірлер қосымша коэффициент алады. Бұрын нысаналы трансферттермен қаржыландырылған шығыстар жалпы сипаттағы трансферттерге берілді. Бұл 2020 жылы 635,8 млрд теңге, 2021 жылы – 775,9 млрд теңге, 2022 жылы – 909,7 млрд теңге. Баяндалғанның негізінде жергілікті бюджеттердің жалпы шығыстарының көлемі 2020 жылы – 4,8 трлн теңге, 2021 жылы – 5,1 трлн теңге, 2022 жылы – 5,4 трлн теңге көлемінде айқындалды», - деді Ұлттық экономика министрлігі өкілі.

Мәди Такиевтің атап өтуінше, 2020-2022 жылдарға он үш субвенциялы және төрт донор-өңірлер анықталды. Ал жергілікті бюджеттердің жалпы түсімдерінде трансферттердің үлесі 2019 жылы 60,3 пайыздан 2020 жылы 53,6 пайызға дейін және 2022 жылы 49,3 пайызға дейін азаяды.



Соңғы жаңалықтар