2020 жылдан бастап Бейжің тұрғындары сұрыпталмаған қоқыс үшін айыппұл төлейді

None
None
БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат – 2020 жылдың мамырынан бастап Қытай астанасында қоқысты жеке жинау жүйесі іске қосылмақ. Жергілікті заң шығарушы орган «Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау туралы ережеге» сәйкес түзетулер енгізді, деп хабарлайды ҚазАқпараттың меншікті тілшісі.

Тұрмыстық қоқыстар төрт санат бойынша сараланады: азық-түлік қалдықтары, қайта өңдеуге жарамды заттар, қауіпті заттар және басқалар.

Бейжің тұрғындары қоқысты сұрыптау ережелеріне бағынбаса, 200 юань ($30), ал ұйымдар – 1 мыңнан 50 мың юаньға дейін ($7200) айыппұл төлеуге міндеттелмек.

Ережеге сәйкес, супермаркеттер, сауда орталықтары мен бөлшек сауда дүкендеріне бір рет қолданылатын пластик пакеттерді пайдалануға тыйым салынады. Оны бұзған жағдайда 5-10 мың юань ($1420), қайта бұзса – 50 мың юань ($7200) айыппұл төлеуге міндеттеледі.

Бұдан бөлек, қоғамдық тамақтану және тағамдарды жедел жеткізу кәсіпорындары, қонақүй бизнесі өкілдері үшін бір рет қолданылатын пластик ыдыстарды пайдалануға шектеу қойылмақ.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, бұл шаралар Қытайда қоқыс үйіндісінің үлкен аумақты қамтып, тұрмыстық қалдықтарды жою орындарының тар болуына байланысты болып отыр. ҚХР билігі 2020 жылдың соңына дейін 46 қалада қоқыстарды сұрыптау жүйесін енгізуді жоспарлауда.

Соңғы жаңалықтар