2020 жылдан бастап бақылау-кассалық машиналарды қолдану кімдерге міндеттеледі

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Қаржы вице-министрі Руслан Еңсебаев жыл соңына дейін шаруа қожалықтары бақылау-кассалық машиналарын тіркеуі керектігін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бақылау-кассалық машиналарды қолдану міндеті патент негізінде арнайы салық режімін қолданатын салық төлеушілерге және бірыңғай жер салығын төлеушілерге енгізіледі.

Бүгінгі таңда «патент иелері» мен бірыңғай жер салығын төлеушілер саны 513 512-ге жетті. Оның ішінде 338 636-сы – патент, ал 174 876-шаруа қожалықтарына тиесілі. Солардың арасында БКМ-ды 76 552 салық төлеуші пайдаланып келеді», - деді Р. Еңсебаев Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзіне қарағанда, қалған екі айда осы бағытта белсенді жұмыс жүргізу керек. Осылайша, бүгінгі күні 436 990 патент иелері мен шаруа қожалығы 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолдануға міндетті, олармен бірге БКМ тіркеу жұмыстарын жүргізу қажет.

Министрлік мәліметінше, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Онлайн бақылау-кассалық машиналарын қолдануға міндетті салық төлеушілерді қамтуды барынша арттыру мақсатында орталық және аймақтық деңгейлерде штаб құрылды, оның құрамына барлық бақылау-кассалық машиналарды сатушылар мен өндірушілер, бизнес-қауымдастықтардың өкілдері, «Атамекен» ҰКП және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кірді. Құрылған штаб базарлар мен сауда орындарында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін болады.

Айта кетейік, онлайн-БКМ қолданған кезде салық ауыртпалығын азайту мақсатында патент пен жеңілдетілген декларация негізінде арнайы салық режімін қолданатын ұйымдар үшін Онлайн-БКМ сатып алған кезде төленген салық сомасы Онлайн-БКМ құнына азаяды. Бірақ жылына төленген салық сомасының 50%-нан аспауы керек. Бұл ереже бір күнтізбелік жылға (2019 жылдың соңына дейін) жарамды.

Соңғы жаңалықтар