2020 жыл: Қызылорда облысындағы елдің есінде қалған оқиғалар

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Өткен 2020 жылы Қызылорда облысында елдің есінде қалатын елеулі оқиғалар аз болған жоқ. Мұндай жаңалықтар барлық салада да көп көрініс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Облыс әкімі тағайындалды

28 наурызда Қызылорда облысына әкім тағайындалды. Бұл қызметке Гүлшара Әбдіқалықова тағайындалды. Айта кетерлігі, Г. Әбдіқалықова мұндай қызметке келген тұңғыш әйел әкім ретінде елдің есінде қалды. Ол көптеген мемлекеттік лауазымды қызметтерді атқарды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрағасы, ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Қазақстанның Мемлекеттік хатшысы, Мәжіліс депутаты болған.

Облыста былтыр көптеген игі істер жүзеге асты. Сындарлы сәтте аймағымызда құрылыс жұмысы тоқтамай, қарқынды жүргізілді. Жыл басынан бері қаламызда 580 пәтері бар 15 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Облыста 1-6 жастағы балаларды балабақшамен қамту жоспары 81 пайызды құрауы керек болса, 1 айдағы нәтиже 84,9%-ға жеткен. Облыста былтыр апатты мектептерді жою мақсатында жаңа 140 орындық бір мектеп пайдалануға беріліп, енді 600 орындық мектеп салынып жатыр. 2021 жылы Арал ауданы, Сексеуіл кентінде, Жаңақорған ауданы, Майбекет мөлтек ауданында 300 орындық мектептер ел игілігіне беріледі деп жоспарланып отыр. Мұнан бөлек, Арал қаласындағы №71 мектептің құрылысы басталады. Ал, Қызылорда қаласынан «Бәйтерек» және «Саяхат» мөлтек аудандарында мектеп құрылыстары іске асуда.

Қатерлі індет күрес толастамайды

Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған адам алғаш рет 28 наурыз күні тіркелді. Алғашқы уақытта өңірде қатерлі індетке шалдыққан адамдар саны бірден артып, еліміз бойынша үшінші орынға дейін көтерілді.

Бүгінде облыста коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Медициналық ұйымдар штаттық режимде жұмыс істеуде, 3 500 медицина қызметкерінен тұратын резерв құрылды. Жақын күндерде облыс орталығында 200 орындық модульді жұқпалы аурулар ауруханасы ел игілігіне айналатын болады. Облыстық көпбейінді және Қазалы ауданаралық ауруханаларында оттегі станциялары салынды. Өкпені жасанды желдету аппараттарының саны артты. Облыста эпиджағдай ушыққан жағдайда 3000 төсектік 21 инфекциялық және провизорлық стационар қайта ашылады.

Дария деңгейі диқанды алаңдатты

Қызылорда облысы диқандары былтыр дариядағы су тапшылығы зардабын тартты. Қырғызстандағы Тоқтоғұл су қоймасында былтыр 18 млрд текше метр су болса, биыл ол 12 млрд текше метр ғана болды. Сол сияқты Өзбекстаннан келетін судың Шардара су қоймасындағы мөлшері 2019 жылмен салыстырғанда 1,1 млрд текше метрге аз болған.

Осындай қиындықтарға қарамастан облыста егіс жақсы шыққан. Диқандар 551 мың тонна күріш жинады. Бұл 2019 жылмен салыстырғанда салыстырғанда 15 мың тоннаға көп.

Алдағы уақытта облыста егісті әртарапдандыру мәселесі күн тәртібінде тұр. Күріш алқабын 80-85 мың гектар деңгейінде сақтап, қалғанын басқа дақылдар үшін пайдалану жоспарланып отыр.

Илья Ильин басшылық қызметке келді

Былтыр белгілі ауыр атлет Илья Ильин спорттық мансабын аяқтап, Қызылорда қаласындағы «Мұз айдыны» спорт кешенінің директоры қызметіне кірісті. 1988 жылы 24 мамырда Қызылорда қаласында дүниеге келген ауыр атлет 2005, 2006, 2011, 2014 жылдары әлемнің төрт дүркін чемпионы атағына ие болды. Екі Олимпиадаға қатысып, жоғары деңгейде өнер көрсетті.

«Бұл шешімді қабылдау маған оңайға соққан жоқ. Мен Токио Олимпиадасына қатысуды алдыма мақсат еткен едім. Дегенмен аталған додада белгілі себептерге байланысты кейінге шегерілді. Сондықтан мен спортшы ретінде карьерамды аяқтап, енді аталған салада қызмет атқаруды дұрыс деп санадым. Осылайша, спорт саласында менеджмент мәселесін жан-жақты меңгерсем деймін. Келешекте бапкерлік қызметке келуім де мүмкін. Оны уақыт көрсете жатар. Қазіргі ең басты міндетім - жаңа қызметте өзімнің қабілетімді жан-жақты көрсете білу», - деді Илья Ильин.

Мұхтар Ниязовтың «Алтын домбырасы»

Қызылордалық айтыс ақыны Мұхтар Ниязов үшінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанды. Айта кетейік, аталған республикалық айтыс сайысы 2012 жылдан бастап дәстүрлі түрде өткізіліп келеді. Алғашқы айтыстың бас жүлдесін Мұхтар Ниязов иеленген болаты.

2016 жылғы Алматыда өткен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған мәдени шарада ол екінші мәрте «Алтын домбыра» иегері атанды. Енді міне, былтырғы «Абай тағылымы – тәуелсіздіктің тірегі» тақырыбын арқау еткен ақындар айтысында үшінші мәрте «Алтын домбыра» сыйлығы Мұхтар Ниязовтың еншісіне бұйырды.

Қызылордада өткен «Алтын домбыраны» табыстау салтанатында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова саңлаққа соңғы үлгідегі «Toyota Camri 70» автокөлігінің кілтін тарту етті. «Алтын домбыра» облыстық өлкетану мұражайына құнды жәдігер ретінде қойылды.



Соңғы жаңалықтар