2020 жыл алматылықтар үшін несімен есте қалды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Пандемия Алматының экономикалық, әлеуметтік ахуалына елеулі өзгеріс енгізді. 2020 жылы қала билігі шаһардың дамуына қатысты іс-шараларды ой елегінен өткізіп, ненің бұрыс, ненің дұрыс екенін талдауға мүмкіндік алды.

Әлемдегі барлық елдер мен қалалар сияқты Алматы билігі де пандемияның арқасында қаланың қандай олқы тұстары бар екеніне көз жеткізді.

Наурыз айынан бастап қалада коронавирус жұқтырғандар саны күн санап өсе бастады. Жаңалықтар таспасынан ауру ошақтары мен вирус жұқтырған адамдардың мекенжайлары жариялана бастады. Елде төтенше жағдай жариялануына байланысты Алматыда да облыспен аралықта блокпос пайда болды. Қалаға кірген-шыққан көліктер қатаң бақылауға алына бастады.

Сәуірге дейін жағдай тұрақты болса, маусым шілде айында қаладағы эпидахуал күрт нашарлады.

Осы айлар қаланың денсаулық сақтау жүйесіне үлкен сынақ болғаны рас.

Ауруханаларда, жансақтау бөлімдерінде орын болмай, дәріханаларда дәрі-дәрмек табылмай, жағдай күрделене түсті.

26 маусымнан бастап коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі комиссия қаладағы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру бойынша қосымша шараларды қабылдауға мәжбүр болды,

Атап айтқанда, ірі сауда желілері (азық-түлік, азық-түлік сатпайтын), үйдегі дүкендер түріндегі филиалдарын қоспағанда жабық базарлар (азық-түліктік, азық-түлік сатпайтын, әмбебап), сауда-ойын-сауық орталықтары, сауда орталықтары, сауда үйлері; қоғамдық тамақтану нысандары (ашық ауадағы нысандарды қоспағанда), фитнес-орталықтар жабылды.

Науқастардың санының көбеюі және жұртшылық арасында туындаған дүрбелең дәрі-дәрмекке тапшылық тудырды.

Алматы әкімінің сол кездегі орынбасары Сапарбек Тұяқбаевтың айтуынша, пандемияға байланысты жекелеген дәрілерге сұраныс едәуір өсіп кеткен болатын.

«Парацетамолды қаланың жалпы тұтынуы мамыр айында 50 мың болса, соңғы екі аптада күніне 100 мыңға жетті. Жыл бойы термометрдің 100 мыңы саудаланса, 2-3 күнде 50 мың термометр сатылып кетті. Тұтынудың, сұраныстың өсуіне байланысты да тапшылық туындап отыр. Қазір мәселені тұрақтандыру үшін күніне 2 рет мониторинг жасап отырмыз», - деді Сапарбек Тұяқбаев. Осы келеңсіз жайттан соң Сапарбек Тұяқбаев қызметінен кетті.

Корнавирустан көз жұмғандардың қатарының көбейгендіктен зират қызметкерлері бекітілген сомадан бөлек тағы 70-80 мың теңге үстеме төлеуге мәжбүрлеген. Олар қайтыс болған адамдардың туыстарынан көму ақысынан бөлек қосымша ақша бопсалаған. Бұл қосымша ақыға чек берілмеген. Зират қызметкерлері ақшаны заңсыз иемденген. Жақынынан айырылып қайғы жұтқан адамдарға моральдық, материалдық шығын келтірілді.

Сонымен қатар, халықтың басына күн туғанда пайда тапқысы келгендердің де қатары көбейді.

Алматы базарларында дексаметазон, цефтриаксон, диклаберл дәрілері заңсыз сатылып жатқаны анықталды. Бұл бутик иесінде фармацевтикалық қызметпен айналысуға лицензия жоқ болып шыққан.

Көп ұзамай 1 қаптамасы 247 теңге тұратын С дәруменін 800 теңгеден сатқан Алматы тұрғыны ұсталды.

Кейін осындай құқықбұзушылықтар жайлы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев та пікірін білдірді.

Маусым шілде айларында Алматыдағы аурухана, емханалардың көпшілігі инфекциялық стационар режимінде жұмыс істеуге мәжбүр болды.

Ауруханалардың қуаты жетіспегенде науқастарды қабылдауға «Қазақстан», «Көктем» шипажайлары да іске қосылды. Медицина қызметкерлері өз өмірлерін қатерге тіге отырып, бірнеше ай қатарынан туыстарынан жырақта қонақүйлерде тұруға мәжбүр болды.

Қалқаман шағын ауданындағы №1 қалалық клиникалық аурухананың перзентхана бөлімінде дәрігер, акушер-гинеколог Алтынай Қарағойшиеваның еңбегі БҰҰ жаңалықтарына шықты.

Осы күрделі кезеңде денсаулық сақтау саласында бірнеше басшы ауысып үлгерді.

Пандемия басталған уақытта бұл қызметте МӘМС Алматы филиалының қазіргі директоры Тілеухан Әбілдаев болған.

Бірнеше ай өтпестен оның орнына сол кездегі ҚР ДСМ орынбасары Камалжан Надыров келді.

Ол да бұл қызметте ұзақ отырмады.

Надыровтың басшылығы шілде-маусым айларындағы эпидахуалдың күрделі кезімен тұспа-тұс келді.

Медициналық қызметкерлердің тиісті үстемеақысын ала алмауы, орталық клиникалық ауруханада болған жаппай вирус жұқтыру деректері, олардың наразылығы Надыровтың мансабына дақ түсіргені рас.

Көп ұзамай Алматы прокуратурасы Алматы Қоғамдық денсаулық басқармасында тексеруді бастады. Оған талаптарға сай келмейтін жеке қорғаныс құралдары жеткізілді деген күдік негіз болды.

Осы келеңсіз жағдайлардан соң 19 қазанда Надыров қызметінен кетті. Оның орнына басшының міндетін атқарушы болып Жанна Мадеева тағайындалды.

1,5 ай бойы болған вакантты орында қазір Нариман Табынбаев отыр.

Пандемия кесірінен енгізілген локдаунның Алматыға ықпал еткен оң тұсы да бар. Ол көлік ағынынан арылған ауа бассейнінің тазалығы десек болады.

Алматы Полиция департаментінің ресми мәліметтеріне сәйкес, қалада карантин кезінде көлік саны бес есе азайды.

Экономикалық тұрғыдан Алматы қаласы бірқатар қиындықты бастан өткерді. Қиын ахуалға байланысты қала билігі көптеген жоспарланған жобаларды қысқартып, қаражатты оңтайландырды.

Атап айтқанда, Алматы логотипін сатып алуға қатысты жобадан бас тартылды.

Карантин уақытында Алматыда көптеген салалар жапа шеккені рас.

Оның ішінде сауда, көтерме және бөлшек сауда, қызмет көрсету, туризм салаларында бірнеше ай қатарынан іркіліс байқалды. Мамыр айынан бастап ашық базарлар, шаштараз, қызмет көрсету орындары санитарлық талаптарға сай жұмыс істей бастады.

Табыссыз қалған кәсіпкерлерге қала билігі барынша қолдау көрсетуге тырысты.

ҚР Президентінің 14 қыркүйектегі №413 Жарлығы бойынша экономиканың пандемиядан мейлінше зардап шеккен салаларындағы шағын және орта бизнес нысандары бюджеттен тыс қорларға төленетін төлемдерден босатылған.

Естеріңізге сала кетсек, Алматы бойынша 116 604 шағын және орта бизнес нысанына жеңілдік берілген.

Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетовтың айтуынша, бизнес-омбудсменнің тапсырмасы бойынша төтенше жағдай кезінде Алматыдағы ірі сауда ойын-сауық орталықтарының, сауда орталықтарының, сауда үйлері мен басқа да коммерциялық нысандардың жалдаушыларының проблемасы бойынша жұмыс тобы құрылды. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде 2,7 млрд теңге сомасына сауда объектілерін жалға алған 12 769 кәсіпкердің мүддесі қорғалды.

Жақында Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалық етуімен өткен жұмыс кеңесі барысында азық-түлік қауіпсіздігі және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағаларын ұстап тұру мәселелері талқыланды.

Осы мақсатта Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру үшін шамамен 9 миллиард теңге жұмсалатын болады. Бұл қаржыны реттеу тетіктерін іске асыруға, оның ішінде қаланың сауда жүйелерінде келісілген бағамен сатылатын тауарлар желісін ұлғайтуға арналған.

Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев қала дәріханаларында жоғары сұранысқа ие дәрілік заттар мен медициналық өнімдердің тапшылығын болдырмау шаралары туралы жазды.

Оның айтуынша, жалпы шілде айынан бері тұрақтандыру қорына медөнімдердің 64 түрі мен медбұйымдардың 4 түрі бойынша 45 млн дәрі-дәрмек жеткізілді.

«Бұл – жоспарланған көлемнен 12%-ға артық. Жалпы төмендетілмейтін қор көлемі – 8 млн бірлік. Медпрепараттар қаладағы барлық дәріхана желісіне жіберіледі. Бұл шара аурудың ушыққан кезеңінде дәрі-дәрмек тапшылығын болдырмауға мүмкіндік береді», - деді Б. Сағынтаев.

Дәл қазіргі сәтте қаладағы эпидемиологиялық ахуал күрделі.

Қаланың бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшиннің айтуынша, қыркүйек айында коронавирус жұқтырғандардың саны төмендеген болатын. Алайда қазан айынан бастап қайта көтерілді. Қазанда – 366 жағдай, қарашада – 1399 жағдай және желтоқсан айында бүгінгі күнге дейін - 1635 жағдай тіркеліп, індеттің тарауы қарқын алды.

«КВИ бойынша Алматы қаласында эпидемиологиялық жағдайдың өрбуі алдын ала болжамдаған мөлшерге сәйкес келіп отыр: желтоқсан айында 1 аптада – 420 жағдай, 2 аптада – 460 жағдай, 3 аптада – 510 жағдай, 4 аптада - 560 жағдай болжам бойынша жалпы айдың қорытындысымен 1900 жағдай және пессимистік болжам бойынша 2200 жағдайға жетуі мүмкін»,– деді Жандарбек Бекшин.

Сонымен қатар, ол Алматы қаласында, елде және әлемде коронавирустық инфекцияның тарауы ауқымы кеңейіп, эпидемиологиялық жағдайдың күрделене түскенін атап өтті.

«Алматы қаласындағы эпидемиологиялық жағдайға келетін болсақ, бүгінгі күнде күрделі күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері коронавирустық инфекцияның 17790 жағдайы, сондай-ақ тамыз айынан бастап есепке алынған этиологиясы анықталмаған (коронавирус) пневмонияның 1349 жағдайы тіркелді»,– деді ол.

Алматыда екі медициналық ұйымның базасында QazCovid-in инактивацияланған вакцинаны сынақтан өткізудің III фазасы басталды. Сынақтың алғашқы екі күнінде 300 адам вакцина салдырды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институты отандық вакцинаның І және ІІ фазасын клиникалық сынақтан өткізгені белгілі.

Сынақ сәтті аяқталған жағдайда Денсаулық сақтау министрлігінде тіркелген соң ерікті түрде жаппай вакциналау наурыз айына жоспарланған.



Соңғы жаңалықтар