2020 жыл: Ақтөбеде қала әкімі ауысып, дәрігер Еңбек Ері атанды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында экономикалық тұрақтылық сақталды. Өңір инвестиция тарту көрсеткіші бойынша елімізде үздік үштікке енді. Жыл ішінде шағын және орта бизнестің табысы азайғанымен, мемлекеттік қолдау еселенді. Өкініштісі, өңірде қылмыстық іс те көп тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпкерлікті дамыту

Ақтөбе облысында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын іске асыруға 5 миллиард теңде бөлініп, игерілді. Бағдарлама аясында несие үстемақысын субсидиялау, кепілдіктер, гранттар беру, инфрақұрылымдар жүргізу сынды жұмыстар атқарылды.

Сөйтіп өңірде кәсіпкерлер саны өсті. Облыста 60 мыңға жуық шағын және орта бизнес субьектісі бар. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2,7 пайызға артық.

Бизнес бастағандар арасында жастардың үлесі басым. Алғаш рет облыс әкімінің гранты бөлінді. Қатысушыларға 1-2 млн теңге аралығында қаржылай сертификат табысталды.

Жобалар арасында ұлттық нақышта дәстүрлі бұйым өндіру, мал шаруашылығын дамыту, мүмкіндігі шектеулі балаларға ақысыз қызмет көрсету, энергетикалық сусындар өндіру, «Эко-бұйымдар» өнімін шығару, ішкі туризмді дамытып, өңіріміздің киелі жерлеріне туристтік маршрут ұйымдастыру сынды жобалар озық деп танылған.

Кадрлық резерв

Ақтөбе облысында биыл ауыс-түйіс көп болды. Наурыз айында самбодан үш мәрте әлем чемпионы, екі дүркін әлем кубогының иегері, дзюдодан дүниежүзілік біріншіліктің қола жүлдегері, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Асхат Шахаров Ақтөбе қаласының әкімі болып тағайындалды.

Кейін облыс әкімінің екі орынбасары жаңа қызметке кірісті. Оның бірі Президенттің жастар кадр резервінен тағайындалды.

Сонымен бірге Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы екі рет ауысты. Алғашында Самат Данияров болса, қазір Рүстем Исаев денсаулық саласына жауапты.

Желтоқсан айында тағы бір облыс әкімінің орынбасары тағайындалды. Сәлімгерей Бекбергенов инвестиция тарту жұмысына жауапты.

Лауазымды қызметкерлер жауапқа тартылды

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновқа алғашында Қылмыстық кодекстің «Алаяқтық» бабы бойынша айып тағылды.

Қазан айында Нұр-Сұлтан қаласының мамандандырылған ауданаралық қылмыстық сотының үкімімен Мамунов кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 12 жылға бас бостандығынан айырылды.

Сонымен бірге Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары істі болды.

Мемлекеттік қызметкерлер қорыққа заңсыз кіргені үшін ұсталып, тергеу жүрді.

30 миллиард теңгеден астам шығын келтірген бірнеше қаржы пирамидасының ұйымдастырушыларына қатысты қылмыстық істі тергеу жұмысы аяқталып, қазір тараптар айыптау актісімен танысып атыр.

Бұл қылмыстық істер бойынша 50 айыпталушы бар. Олардың бір бөлігі ұсталса, бір бөлігі әлі іздеуде жүр.

Ақтөбе облысы Темір ауданы Кеңқияқ ауылында оқушы қыздар төбелесіп, кейін олар бір-бірінен кешірім сұрады.

Дәл осы ауданда екі мұғалім төбелесіп, біреуі мерт болды.

Шошқа фермасындағы дау

Ақтөбе облысы Алға ауданы Бестамақ ауылының тұрғындары жағымсыз иіске шағымданып, шаруашылықтың жұмысын тоқтатуды талап етті.

Кейін қылмыстық іс қозғалып, тергеу басталды. Экологтар шаруашылық жұмысынан бірнеше заңбұзушылықты анықтап, 7 миллиард теңге айыппұл салды.

Талап бойынша айыппұл бір ай ішінде өтелуі тиіс.

Індетпен күрес жұмысы

Ақтөбе облысы бойынша 3685 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Оның 96 пайызы жазылды. Көбі - Ақтөбе қаласының тұрғындары.

Биыл жаз айларында дәрі-дәрмек тапшы болып, кейбір дәріханада баға көтерілді. Арнайы мониторинг тобы тексеру жүргізіп, айыппұл салынды.

Сонымен бірге маска тақпағандар 83 мың теңгеден айыппұл төледі.

Індет өршіген кезде дәрігерлер өз өмірін қатерге тігіп, адам жанын өлімнен арашалап қалды.

Соның бірі – марқұм Қалихан Қозбағаров. Президент Жарлығымен Ақтөбе облыстық инфекциялық аурухананың бас дәрігеріне Қазақстанның Еңбек Ері атағы берілді.

Абайға ескерткіш орнатылды

Биыл мерейтойларды өткізуге тыйым салынды. Абайдың 175 жылдығына арнаған мәдени көпшілік шарасы ұйымдастырылмады.

Есесіне Ақтөбе қаласындағы Абай даңғылына ұлы ақынның ескерткіші орнатылды.

Сонымен бірге демеушілердің қолдауымен ер Едігеге ескерткіш қойылды.

Одан бөлек, Ақтөбе қаласында Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерге ескерткіш орнатылды.

Семей ядролық сынақ полигонынан зардап шеккендерге арналған ескерткіш құрылысына «Парыз» қоғамдық қоры қаржы бөлді.


Соңғы жаңалықтар